Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреағалиев айтулы мерекелермен тұстасып зейнеткерлік жасқа жеткен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Сырым аудандық филиалының басшысы Марат Тоқтаровты құттықтап, қазақы салтпен иығына шапан жапты.
- Жыл сайын шегірткемен күресте ауданымызды алдыңғы орыннан түсірмей, өз салаңызда елеулі еңбек еткен азаматсыз. Өз ісіне жауапкершілікпен қарай білетін, ұжымда да өзіндік орныңыз бар басшы болып жүрсіз. Зейнеткерлік жасқа жетуіңізбен аудан халқы атынан құттықтаймын!,- деді өз сөзінде аудан әкімі.
Марат Әнуарұлы еңбек жолын Жымпиты ауылындағы аудандық ветеринарлық лабораториясында лаборант болып бастаған.
Кейіннен әскер қатарында, әскери борышын өтеген.
Әскерден оралған соң Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын «Агроном» мамандығы бойынша бітіріп, Бұлдырты совхозында агроном мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған.
Әр жылдары «Қарақұдық» бөлімшесінде агроном, Жымпиты ауылында ГОС НПЦ-зем. өндірістік тобының жетекшісі, аудандық мәслихат аппаратының маманы, мәслихат аппаратының бас маманы болып жасады.
2004 жылдан осы күнге дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Сырым аудандық филиалының басшысы қызметін атқарып келеді.
Аудан әкімімен қатар Марат Тоқтаровты әріптес бауырлары, інілері құттықтап, ақжарма тілектерін айтты.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz