Достық ауылдық округі орталығындағы Жеңіс саябағында 54 майдангердің аты-жөні жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Олар - кезінде аталмыш ауыл Фурманов аталған тұста осы жерден майданға аттанғандар мен соғыстан соң мұнда келіп қоныстанып, еңбек еткендер.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты қан майданнан оралмаған жерлестердің құрметіне орай жарияланған бір минут үнсіздікпен басталды. Содан соң майдангерлердің ауылда тұратын Сергей Головчик, Виктор Семененко, Иван Солодовников, Қуаныш Исемберлиев сынды ұрпақтары лента қию рәсімін жасады. Митингте сөз алған еңбек ардагері Лидия Ситникова жиналғандарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, бейбіт өмір, ашық аспан, ынтымақ-бірлік тілеп, елді жаудан қорғаған батырларлың ерліктері ұмытылмайтынын жеткізді. Достық орта мектебінің оқушылары Жеңіс күніне арналған өлең оқығаннан соң жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Одан соң тұрғындар саябақтың жанында жасақталған «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген атауы бар ауыл майдангерлерінің суреттері бейнеленген банерді тамашалады.
Іс-шарадан соң ауылдық округі әкімі Әбубәкір Төлеуов пен аудандық мәслихат депутаты Ернар Хайдаров Достық пен Чувашка ауылдарындағы 10 тыл ардагерінің үйлеріне барып, мерекемен құттықтап, азық-түлік себеттерін табыстады.
Кешке таман «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда жергілікті өнерпаздардың орындауында соғыс тақырыбындағы, патриоттық, елдік бағыттағы әндер шырқалып, өлең оқылды.
Кеш барысында жоғарыда айтқан мемориалдық тақтаны орнатуға атсалысқандар мен ауыл тазалығына үлес қосқан жандарға ауыл әкімінің алғыс хаты ұсынылып, құрмет көрсетілді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz