1 мамыр Жаңақала ауданы орталығында орын алған жойқын жел мен нөсер жаңбыр көптеген ғимарат пен тұрғын үйдің төбесін қиратып, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға залал келтірді. Тіпті, қатты желдің әсерінен электр бағаналары мен теректер түп тамырымен құлаған болатын. Ауыл тұрғындары жарықсыз, байланыссыз қалып, кейбір көшелерде газ құбырларының істен шығуына байланысты газ бен ауыз судың беруі тоқтатылды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ауданымыздың ер азаматтары, еріктілер тобы осындайда бірігіп, көптеген зардап шеккен үйлерге көмек қолын созып, құлаған ағаштардан тазартып, шатырларын жабуға кірісіп кетті. Келесі күні болған жағдайға байланысты комиссия жұмысын бастады. Қазіргі кездегі қалпына келтіру жұмыстары жөнінде төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, комиссия хатшысы Дәулет Хайнолламен тілдескен болатынбыз.
- Табиғи апаттан зардап шеккен 100-ден астам тұрғын үй және 9 әлеуметтік нысан тіркелді. Олар: аудандық аурухана, сауықтыру орталығы, білім беру ұйымдарынан жас туристер станциясы, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі және мектеп-гимназиясы, сондай-ақ электр торабы, коммунал шаруашылық бөлімі мен аудандық полиция бөлімі, желілік өндірістік басқарманың қонақүйі тіркелді. Дүлей дауылдан құлаған аулаға, сарайға, қораға көмек қарастылмаған, тек тұрғын үйге көмек көрсетіледі. Екінші мамыр күні аудан әкімі, комиссия төрағасы Алпамыс Көшкінбаев және мүшелері үйлерді аралап, фотоматериа жинадық. Төтенше жағдайға байланысты бөлінетін қаражатты күтіп отырмыз. Әзірше баспаналарынан зардап шеккен тұрғындар келтірілген шығынға байланысты ауыл кәсіпкерлерінен құрылыс материалдарын алып, бізге түбіртегін алып келеді. Біздің тараптан қаражат бөлінген кезде ғана кәсіпкерге материалдың құнын төлей аламыз. Ал әлеуметтік нысандарға төтенше жағдайларға байланысты бөлінген қаражаттан көмек көрсетілмейді. Өйткені, аталған мекемелер облыстық басқармаларына тіркеліп, көмек алады. Апатты жағдайдан кейін баспанасына залал келген тұрғындар әлі де тіркелуге келіп жатыр, - дейді комиссия хатшысы.
Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz