10.05.2023, 20:44
Оқылды: 51

Саяжай иелерінің табысы көбеймек

Облыста 160 саяжай қоғамы бар. Онда 60 мыңдай адам тұрады. Олардың ішінде өзі өсірген дақылды сатуға шығаратындар да көп. Осы кезге дейін саяжайшылар өнімін стихиялық орындарда сатып, базардан орын тапқандары жалға алу ақысын төлеп, шығынданып келді. Облыс басшысының арнайы тапсырмасымен жаңа жоба әзірленіп, қала маңындағы саяжайларда өсірілген жеміс-жидек пен басқа да дақылдарды өткізудің тиімді тәсілдері ұсынылды.

1dc6fcd6-18a7-4362-a9a6-0fc1cbc10501

Ол тәсілдер мынадай: біріншісі бақша дақылдарын көтерме бағамен сатып алу, екіншісі саяжайшылардың өнімін оператор сатып алып, «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы әлеуметтік маңызы бар пияз, картоп, орамжапырақ, сәбіз сияқты көкөністерді тұрақтандыру қорына жөнелтеді.

Отыз жылдан бері саяжайда бақша егіп, өнімін пайдасына асырып жүрген Валентина Хатькова жаңа жобаның бірінші бағыты көңілінен шыққанын айтады.

a4bfab62-7548-425e-9d1d-fbb9b563358f

-Біз үшін өнімді көтерме бағамен сату өте тиімді. Бұрынғыдай орын іздеп, жалға алған сату нүктесі үшін ақы төлемейміз. Көбіне алма, алмұрт, құлпынай, таңқурай сияқты жеміс-жидектерді сатамын. Саяжай менің екінші үйім десем де болады. Мамандығым биолог болғандықтан,бағбандық жаныма жақын,-дейді Валя әжей.

«Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиевтің айтуынша, тұрақтандыру қорына сатып алынатын саяжай өнімдерінің белгіленген қоры бар екен. Күзге қарай арнайы қоймаға 50 тонна картоп, 20 тоннадан пияз, сәбіз және орамжапырақ алынбақшы.

-Қазіргі таңда ол өнімдердің нақты құныбелгіленбеді. Шамамен соңғы үш жылдағы орташа бағамен сатып алынады.  Шамамен картоп пен орамжапырақтың келісі 80, пияз бен сәбізді 90 теңгеден алуымыз мүмкін,-деді Артур Досқалиев.

8e31fca8-8ed9-45a9-a19b-2c2057195d3b

Сонымен қатар өз өнімін өткізсек деген ниеттегі саяжай тұрғындарына қала базарларынан орын берілетін болады. Бұл қолға алынған жаңа жобаның тағы бір бағыты. Өзі өсірген жеміс пен көкөнісін делдалсыз өткізем деген саяжайшыларға«Мирлан», «Ел ырысы», «Алтын алма» базарларынан 80 орын қарастырылған. Бұл істің басты мақсаты азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу екен. Жобаға «Amanat» партиясының өкілдері бел шеше кіріскен.

Партия мен «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және облыстық кәсіпкерлік басқармасы бірлесіп осындай шешімге келген. Енді аз болса да, баға өсуі тоқтайды деген сенімдеміз. Әзірге саяжайшыларға 80-ақ орын бөлініп тұр. Жоғарыда айтқандай 60 мыңдай бағбанның барлығы өнімін сатуға шығарар болса, оларға орын жетпесі анық. Алдағы уақытта сұраныс өсіп жатса, тегін берілер орындардың саны арта түседі.

6138b6bf-f13a-402f-a3a4-0e0aa5d7dd0b

-Жоба шынымен де тиімді. Бірақ оның толыққанды жүзеге асуы үшін саяжайларға көбірек көңіл бөлінуі керек. Ал біздегі саяжай қоғамдарының біразына барар жол жоқ, жарықпен қамтуда да кемшіліктер көп,-дейді облыстық саяжайлар қоғамның төрағасы Андрей Заозеров.

Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолға алған жаңа жоба саяжай тұрғындарының табысын арттырып, өңірдегі азық-түлік бағасының тұрақтауына да сеп болады деген үміт бар.

c2a5e295-64dd-4a37-b292-cf46769165e9

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале