Орал қаласындағы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өңіріміздегі жоғары оқу орындарының студенттері арасында облыстық «Студенттік көктем – 2023» дәстүрлі фестивалі өтті.
Студенттердің басын қосқан бұл іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Орал студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Фестивальдің ашылу салтанатында аталмыш корпоративтік қордың директоры Тасболат Серікқалиев қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ақ Жайық жастары! Баршаңызды дәстүрлі фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жоба 4 жоғары оқу орнының студенттері арасында достық қарым-қатынас орнатуға, талай талантты жастың кең қанат жаюына септігін тигізді. Жалпы Ақ Жайық өңірі өзінің дарынды ұл-қыздарын мақтан етеді. Кешегі Ғарифолла, Мұхиттардың жалғасы – батыстан шыққан танымал әншілер көп. Бүгін бақ сынайтын өнерпаз жастарға сондай тұлғалардың жолын берсін! Сіздерге бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Әрқайсысыңыздың еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаңыз сәтті болсын! – деді Тасболат Серікқалиұлы (суретте).
Қатысушылар 11 аталым бойынша өнер көрсетті. Байқау биыл жаңалықтарға толы болды. Мәселен, бетперде таққан қазылар алқасының кім екені көрермендерді де, қатысушыларды да қызықтырды. Сондай-ақ әділ қазылардың құрамында кәсіби мамандар мен аталмыш фестивальдің бұған дейінгі жеңімпаздары болды.
– Байқауға қатысушы студеттерге сәттілік тілеймін. Осындай кештерде таланттарын паш етіп, жарқырап жүре берсін! Фестиваль І курс студенттерінің бір-бірімен достық қарым-қатынаста болуына мол мүмкіндік береді, – дейді студент Құттыбек Дүйсенбек.
Студенттердің бірі ән айтып, енді бірі би билеп жарысып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кешке жиналған жастар «Дос» тобының орындауындағы «Толқындастар» әніне қосылып, қошеметтерін білдірді.
Сайыс нәтижесінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері фестивальдің жеңімпазы атанды. Ал Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жүлделі ІІ орынды иеленсе, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ІІІ орынға лайық деп танылды.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»