Қазақстандық қоғам отбасындағы міндеттерді әйелдер мен ерлердің рөліне қарай қатаң бөліп қоятын дәстүрлі түсініктерге бейім. Сондықтан да қазақстандық әйелдер үй шаруасы мен бизнесті қатар алып жүруге байланысты екі есе ауырпалыққа тап болады. Осы орайда біз үй шаруасымен бірге кәсіпті қатар алып жүрген, қазақтың келіні Адиет Оксана Валерьевнамен тілдескен едік. Ол бүгінде арнайы мемлекеттік бағдарламаның грантын ұтып алып, кәсібін дөңгелентіп отырған жан.
«Өзім осы ауданның тумасымын. Кеңес Одағының батыры С Жақсығұлов атындағы жалпы білім беретін мектепті бітірдім. Кейін Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ветеринариялық-санитариялық дәрігер мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бірақ бұл салада белгілі бір себептерге байланысты жұмыс жасап көрмедім. Бала күнімнен өзімнің жан-дүнием қолөнермен айналысқанды қалайтын. Ешқандай курсты оқымай-ақ, өз қызығушылығыммен тоқыма тоқыдым. Қуыршақ жасауда өзімді сынап көрдім. Бұған дейін де тәтті гүл шоқтары мен сәнді шаш үлгілерін жасап, бет әрлеумен айналыстым. Кейін, instagram-ды қарап отырып қағаздан түрлі нәрселер тоқуға болатынын көрдім. Оған деген қызығушылығым күннен-күнге арта түсті. Әлеуметтік желі арқылы оның жасалу жолдарымен таныстым. Алдымен газеттен қарапайым бояулар мен лактарды қолдана отырып жұмыс жасап көрдім. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, одан да күрделі нәрселерді жасай бастадым. Бірақ жұмысымды тек whatsapp-тағы статусыма салып жүретінмін. Осыны байқаған аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Аэлита Ғұмарқызы маған, «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысуды ұсынды. Мен оған ұзақ ойландым. Себебі онымен айналысу үшін өзгеде шаруаларыңды бәсеңдетіп, қолға алған шаруаларыңмен тұрақты айналысуың керек емес пе? Қазіргі таңда өзім көп балалы анамын. Шынымды айтсам жұмысқа әрдайым уақыт жете бермейді. Бірақ жұбайым бұл идеяны қолдағаннан кейін мен келісімімді беріп, оқып алдым. Жолдасыммен бірге бизнес-жоспар құрдық. Барлығын есептеп, өз жобамды қорғап, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Ол қаражатқа біз жұмысқа қажетті материалдар мен құралдарды сатып алдық. Жолдасым менің үйде отырып, алаңсыз жұмыс жасауым үшін жағдай жасап, жұмыс орнын ұйымдастырды», - дейді жас кәсіпкер ана.
Жұмысқа қажетті матералдардың көбін Оксана көршілес Ресей елінен интернет-дүкен арқылы алдыртады екен. Бірақ бұлай тапсырыс беру ол үшін қымбат. Амал жоқ әзірге осылай жасауға тура келеді. Қазіргі таңда кейіпкеріміз тек кәсіппен айналысып қана қоймай instagram мен facebook желілеріндегі парақшаларын уақтылы жүргізіп келеді. Ол өзін үнемі қолдап отыратын жан жарына риза екенін айтады. Өзі орыс ұлтынан болса да қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған бақытты келін. Үйде шама келсе қазақша сөйлесуге тырысатындығын да атап өтті.
«Жұбайым мен балаларымның қолдауы мен үшін ауадай қажет. Оларсыз мен ештеңе жасай алмас едім. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей айналамда қолдаушыларым барда қолға алған шаруаларым алға басады деген үміттемін. Солардың көмегі үшін алғыс айтқым келеді. Егер олар болмаса, мен ешқашан батыл болмас едім. Еңбек етемін деген кез келген адам, ешкімге алақан жаймай-ақ өз хоббиін жұмысқа айналдырып нәпақа табуға болады. Мен соған көз жеткіздім», - дейді жас кәсіпкер Оксана Адиет.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы