Биыл математикадан халықаралық Балқан олимпиадасы Түркияның Анталия қаласында өтуде. 40-шы олимпиадаға Балқан түбегінің 22 елінен және қонақ мемлекеттерден 130-дан астам қатысушы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан құрама командасы да бар, деп жазады ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Олимпиада - математика пәнінен дарынды оқушыларды ынталандыру және оларды шыңдауды көздейді. Сондай-ақ қатысушы елдердің өз арасында мектеп бағдарламалары мен тәжірибелері туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік жасалған. Қазақстан бұл олимпиадаға жыл сайын қонақ ретінде қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр», - дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Қазақстан атынан қатысқан құрама командада 6 оқушы бар. Олар оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған үздіктер.
Айта кетейік, 40-шы Балқан математикалық олимпиадасының қорытындысы 13 мамырда белгілі болады.