Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылдық округінде жыл сайын майдан даласында мерт болған ауылдастарды еске алуды ұмытқан емес.
Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Дегенмен биылғы шараның өз ерекшелігі болды. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аудандық мәслихат депутаты Тыныш Иманғалиев Ақтау ауылынан соғысқа алынған жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткіш тақта жасатып, оны ауыл орталығындағы тағзым орнына әкеліп орнатты. 116 жауынгердің есімі жазылған тақтаны орнату халық қалаулысының көптен бері ойында жүр екен. Бірінің атасы, бірінің әкесінің есімі ойып жазылған тағзым алаңындағы тақта ендігі жерде ақтаулықтар үшін ерекше қастерлі және мақтанышпен тәу ететін орын болмақ.
Ауыл тұрғындары осындай игі істі қолға алған Тыныш Хиниятұлына ерекше дән риза.
Г.Шынтас,
Шыңғырлау ауданы