Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Орал қалалық көпбейінді аурухана директоры Арман Зағыпарұлын қабылдады.
Арман Зағыпарұлының айтуынша, аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиевтің өтінішімен Сырым аудандық ауруханасымен кураторлық байланыс орнатып, қолдау көрсетпек.
- Ауданымыздағы кейбір дәрігер мамандардың жетіспейтіні қол байлап тұр. Осы тұста сіздер бергелі отырған кураторлық қолдау үшін аудан атынан алғысымыз шексіз, - деп ағынан жарылды аудан әкімі.
Ресми қабылдаудан кейін аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, аудандық аурухана директоры Роза Тахамбетова бастаған делегация ауруханаға бет алды.
Арман Зағыпарұлы кезегін күтіп басы ауырып, балтыры сыздаған емделушілердің жағдайын біліп, әңгімелесті.
- Сырым ауданы батырлардың мекені. Өзіміз туып-өскен өлке. Жасыратыны жоқ, туған жерге қашанда бүйрегіміз бұрып тұрады. Облыстағы ең мықты деген дәрігерлеріміз сіздерді кезекпен қарайтын болады,- деді Орал қалалық көпбейінді аурухана директоры.
Аудандық аурухана директоры Роза Құтқожақызының айтуынша, қалалық көпбейінді ауруханадан акушер-гинеколог, терапевт, невролог, травмотог секілді білікті мамандар келді.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz