Сырым ауданында Астана күніне орайласқан «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің Батыс Қазақстан облыстық іріктеу кезеңі өтті.
«Жайық барысының» Жымпитыда өтуі заңдылық дер едік.
Себебі, Сырым өңірі - әрісі самбо күресінен Әлем чемпионы Асқар Шайхиевтің, ұлттық күресте абсолютті түйе балуан Оралбек Қожагелдиннің, берісі еркін күрестен Әлем чемпионатының жүлдегері Нұрлан Бекжановтың туған топырағы. Сондықтан қазақ күресі өзінің туған Отанына оралды деп айтуға толық негіз бар.
Алыптар айқасына Батыс Қазақстан облысының әр ауданы баптап бір балуаннан аттандырыпты. Орал қаласы да жалау ұстатып, өзінің жауынгерін жіберген. Батыстағы балуандар үшін «темір барьер» болған Темірлан Көлбаев, күрестің түрін таңдамай алыса беретін алып Нұрымжан Ғаббасов, 146 келілік Сержан Ерлан бар құрамды осал деп айта алмаймыз.
Жарыстың салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданының әкімі Т. Төреғалиев, БҚО облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров және белгілі жаттықтырушы Санат Берсебаев сөз сөйледі.
Балуандарға ауыл ақсақалы Ысқақ Күрпілдесов бата берді.
Жеребе тартылып, алғашқы белдесу басталды. Сырым ауданының үкілеген үміті Мерей Бердіғали көрермендер күткен күресті көрсетті. Үшінші орын үшін болған таласта оралдық Нұрымжан Ғаббасовпен жолықты. Сыралғы қарсыластардың жолы осының алдында ғана «Сырым барысының» финалында түйісіп, белдесуге дейін барған. Ол жолы Мерей әбжілдік танытып еді. Бірін-бірі алып та, шалып та жыға алмаған екеуі бүгін де қоян-қолтық белдесуге тұрды. Нұрымжан есесін қайтарды.
Алтын белдік үшін болған айқас бөрлілік Темірлан Көлбай мен жаңақалалық Ерасыл Ахметовтың арасында өтті. Темірлан кеудеге ату әдісін екі мәрте сәтті жүзеге асырып, қос жартылай жеңіспен белдесуді бір минут бұрын аяқтады. Сөйтіп, өзінің былтырғы титулын сақтап, тағы да «Жайық барысы» атанды. Марапаттау рәсімінен кейін сырымдықтар, нақтырақ айтқанда Жымпитының 1985 жылы туған азаматтары Темірланға ат мінгізді. Демеуші - Арман Ахметқалиев.
Республикалық кезеңде облыс намысын Темірлан Көлбаев пен Ерасыл Ахметов қорғайды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Фотоға түсірген: Айжан Амангелдина
zhaikpress.kz
Сырым ауданы