1 шілдеден бастап полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жазбаша арызын күтпей, өз бетінше әкімшілік істер қозғай бастайды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Руслан Қаржаспеков айтты.
"1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшеді. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының жазбалары мен бейнетіркегіш жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот шығарады. Тараптардың татуласу мүмкіндігі жоққа шығарылды", - деді Руслан Қаржаспеков Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазір отбасылық зорлық-зомбылық бойынша материалдардың жартысы тараптардың татуласуына байланысты сотта тоқтатылады.
"Бұл агрессордың немесе туыстарының көндіру немесе қысым көрсетуі нәтижесінде болады. Мысалы, жыл басынан бері осы негіздер бойынша 5 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тоқтатылды. Енді 1 шілдеден бастап татуласуға тек бір рет, сотта болады", - деп қосты Қаржаспеков.
tengrinews.kz