16.05.2023, 2:40
Оқылды: 275

Отбасы құндылықтары сараланған форум

15 мамыр күні аудан орталығында «Бақытты отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі» атты отбасы форумы өтті. Аудандық форумға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.

20230515095903_IMG_7707

Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған форумда алдымен секциялық отырыстар өтті. Форумға қатысушылар мен спикерлер «Отбасы – мейірімділік ошағы», «Дәстүрді дәріптеу – отбасындағы тәрбиенің негізі», «Мінез-құлық мәдениеті – адамгершіліктің ажырамас бөлігі» тақырыптарындағы секциялық отырыстарда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, отбасының қоғамдағы рөлі мәселелерін кеңінен талқылады. Форумда «Отбасы – мейірімділік ошағы» секциясында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шакенаева, ұстаз Гүлнұр Зейінқызы, «Дәстүрді дәріптеу – отбасындағы тәрбиенің негізі» секциясында модератор, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Қошанкөл ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Меңдіхан Халықұлы, «Тоғжан» ҚБ төрайымы Алтын Ақбаева, «Асыл әжелер» ансамблінің жетекшісі Гүлбану Шынтемірова, «Мінез-құлық мәдениеті – адамгершіліктің ажырамас бөлігі» секциясында Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің психологы Гүлжиян Сапиқызы, Казталов аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Нұрберген Жағыпаров, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Марлен Қарабаев және Казталов аудандық ауруханасының психологы Ғалия Ахметова форум қатысушыларына аталған тақырыптарда ой өрбітті. Қатысушылар отбасының қоғамдағы рөлі хақында өз пікірлерімен бөлісті.

20230515101319_IMG_7728

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған отбасы форумының пленарлық отырысында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов аудан халқын және форум қатысушыларын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

-Отбасы – әр адамды әлдилейтін алтын бесік, өніп өсетін, тұла бойына тәлім-тәрбие сіңіріп, жарқын болашаққа бағыттайтын киелі шаңырақ. Дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп дөп басып айтқан. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасады. Жарық дүние есігін ашқан сәби әкесінің қанымен, анасының сүтімен бойына сіңіретін асыл қасиеттермен қатар, өр халқымызға ғана тән қонақжайлылық, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету, туған жерге деген махаббат сияқты ізгі қасиеттерді, Елді, Отанды, тіліміз бен дінімізді сүйіп қастерлеу, қазақтығымызды паш ететін халқымыздың ұлттық дәстүрлеріне сыйластықпен, сүйіспеншілікпен қарау, айналаға қамқорлық көрсету, ұрпақтан-ұрпаққа отбасылық дәстүр арқылы берілетін ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында қалыптастырады. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналық сөз отбасы тұтастығының маңыздығын айқындап тұрғандай. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім - отбасына, жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. «Елін сүйер сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған» деп жырлаған Ақын Қасым Аманжоловтың шумағы да ақиқат, - деді аудан әкімі.

20230515054945_IMG_7639

Асланбек Ахметоллаұлы өз сөзінде ауданымызда отбасылардың әл-ауқатын арттыруға байланысты үш мәселеге тоқталды.

-Бірінші мәселе тәрбие және білім. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжрибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру.  Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Бүгінгі бала – ертеңгі күні туған жерін түлетуші тұлға. Ал, оларға бағыт-бағдар беруші – оның ұстазы. Осы орайда, мұғалімдерімізбен бірлесіп оқушыларды түрлі тәрбие-тағылымы бар, әсіресе, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін (домбыра, қобыз) үйірмелерге ерте жастан баулып қатыстыру керек. Сонымен қатар оқушылардың бойындағы отансүйгіштік пен туған жерді жақсы көру қасиеттерін қалыптастыру, патриотизмді нығайту,  Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, отан алдындағы борышын атқаруға шақыру мақсатында жүйелі жұмыстарды жүргізуге шақырамын. «Менің кіші Отаным» жобасын жүзеге асыруымыз қажет, - деді ол. Аудан әкімі тілге тиек еткен екінші мәселе ауданымыздағы көгілдір отынға қолы жетпеген жерлестеріміздің тұрғын жайларына газ өткізу ісіне атсалысып, қайырымдылық жасау болса, үшінші мәселе қоғамды азғырған ішімдіктен бастартып, «Ішімдіксіз ауыл» жобасын жүзеге асыру болды.

Форумның пленарлық отырысында саналы ұрпақ тәрбиелеп, ұл-қыздары елге қызмет етіп отырған және ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған отбасылар марапатталды. Атап айтар болсақ, Ілиясовтар, Салыховтар, Ахинбасовтар, Қабылтаевтар, Мырзағалиевтер, Алдановтар отбасы және пауэрлифтингтен 4 дүркін Азия чемпионы Айдын Елемесовтың анасы Талшын Адимова аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Ел үшін еңбек етіп, байрақты бәйсекелерде топ жарып жүрген перзенттер үшін ата-анасының алғысқа бөленуі талайды жігерлендірері сөзсіз.

20230515101945_IMG_7735

Аудандық форумның пленарлық отырысын жас ұстаз Аягөз Нұғманова жүргізді. Пленарлық отырыста Халықтық «Бегалиевтер жанұялық ансамблінің» жетекшісі, «Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығы» медалінің иегері, Казталов ауданының «Құрметті азаматы» Марат Бегалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықтық «Қабиевтер жанұялық ансамблінің», «Үлгілі Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі, Казталов ауданының «Құрметті азаматы» Баян Қабиева, К.Меңдәлиев мектебінің «Қорған» әкелер клубының жетекшісі, көпбалалы әке Аслан Алданов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Радж Шәріпов, №2 Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жұмажан Алданыш спикер ретінде өз ойларын ортаға салды. Форум соңында қарар қабылданып, С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының театрландырылған қойылымы сахналанды. Сонымен қатар, форум қатысушылары мен қонақтарына «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары жөнінде көрме таныстырылды.

Еркебұлан Аюпов, Қайыңды ауылдық округі:

-Отбасы форумы – қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланған, отбасының қоғамдағы рөлін айқындаған ашық алаңға айналды. Форумда өзіміздің ойымызды ашық айтып, пікір алмасып, спикерлердің сөздерінен көптеген мағлұмат алдық. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейміз. Біз сауатты ұлт, тәрбиелі қоғам қалыптастырамыз десек, алдымен өзімізден бастауымыз керек. Балаға бала жастан дұрыс тәрбие беріп, тура жолға бағыттасақ ұтылмаспыз. Бүгінгі форумның да мақсаты осыған саяды.

20230515113932_IMG_7748

Толқын Моншатаева, Қарасу ауылдық округі:

- «Бақытты отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы аудандық форумға қатысу мәртебесі бұйырғанына өте қуаныштымын. Форумға ауданымыздағы көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен қоғамда өзіндік орыны қалыптасқан, өнегелі, үлгілі отбасылар қатысты. Бұл тәжірибе алмасуға, өмірге қажетті мағлұматтар алуға үлкен мүмкіндік болды. Шыны керек, қазіргі уақытта отбасын құру, оны сақтап қалу мәселесі бүгінгі күнде күн тәртібінде тұр. Ал, мұндай форумдар әке мен аналарға ой салып, алдағы уақытта бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы құндылықтарын дәріптейді деген сенімдемін.

Жұмажан Алданыш, №2 Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

-Халықаралық отбасы күніне арналған аудандық форум жоғары деңгейде өтті. Өйткені, бүгінгі еркін алаңда қоғамдағы өзекті, түйткілді мәселелер талқыланды. Мәселен, пленарлық отырыстың өзінде отбасындағы бала тәрбиесі, салт-дәстүрді дәріптеу, отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары мен денсаулығы мәселелері кеңінен талқыланып, пікір алмастық. Жалпы денсаулық сақтау саласы отбасының барлық мүшелерін қамтитын үлкен сала. Өйткені бала өмірге келгеннен бастап, өмірінің соңына дейін дәрігерлердің бақылауында болып, медициналық көмек алады. Форумда қазіргі замандағы отбасының денсаулық сақтау саласындағы рөлі, соның ішінде алдын ала медициналық тексерулерден өту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және өзге де тақырыптарда өз пікіріммен бөлістім.

20230515065536_IMG_7680

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале