16.05.2023, 7:59
Оқылды: 251

Ақсудағы Абайдың шаңырағы

15 мамыр - Халықаралық отбасы күні. Осынау атаулы күн 1993 жылы БҰҰ -ның Бас Ассамблеясымен бекітіліп, алғаш рет 1994 аталып өтілген екен.  Басты мақсат -  қоғамның назарын отбасына, отбасындағы тәрбиеге аудару болса керек. Өйткені, отбасы – шағын мемлекет, болмаса үлкен мемлекеттің кішкентай көшірмесі, макеті деп жатады. Олай делінетіні,  мемлекеттің негізін іргесі берік, ынтымағы мықты, болашаққа деген жоспары тамаша отбасылар құрайды. Оның үстіне, «елдің атын ер шығарады» десек, сол ерді де әуелі отбасы тәрбиелеп шығарады. 

WhatsApp Image 2023-05-16 at 05.52.56

Ал енді көп балалы отбасылардың шаңырағындағы сыйластық, бір-бірімен қарым - қатынас, қайырым, мейірім элеметтері қоғамға өз ықпалын, әсерін тигізбей қоймайды. Нақтырақ айтқанда, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, отбасы үлкен өмірге дайындайтын мектеп  екені даусыз.  Осы жерде «сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді»    деген ұлы ұстаз А. Макаренконың сөзі ойға оралады.

WhatsApp Image 2023-05-16 at 05.53.00

Бүгін осындай тәртіпті ұл, тәрбиелі қыз өсіріп отырған көпбалалы отбасылардың бірімен таныстырғанды жөн көрдік. Үлгілі, еңбекқор отбасылары көптеп саналатын Ақсу ауылдық округінде ауызға бірінші түсетіндердің қатарында Муханбетжановтар отбасын айтуға болады.  Отағасы Абай Муханбетжанов Ақсай қаласындағы «Конденсатта» АҚ еңбек етеді. Сонымен қатар отбасындағы 6  балаға адал еңбектің дәмі тәтті болатынын, тұрмыста жан-жақты болудың зор пайдасын іс жүзінде көрсетіп, үлгі болып жүр десе болады. Негізгі жұмысымен қоса  ауыл шаруашылығымен, шағын мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар көкөністер өсіретін шағын бақшалары бар.   Жалпы, отбасындағы еңбекқорлық тәлім-тәрбие өте ертеден бастау алған. «Отағасы Абайдың әкесі Иманбай Мұханбетжанов ағамыз өте бір еңбекқор, қажырлы, қайратты кісі еді  – дейді ауылдық округтің бас маманы Нұрберген. -Ол кісі ел тәуелсіздік алып,  жаңа-жаңа бас көтере бастағанда жер алып шаруа қожалығын құрды. Сол кездің өзінде  жұмысын жемісті жүргізе білген шаруа қожалықтарынан саналады.  Басындағы қиындықтардың бәрін жеңіп, талай тәжірибеден өткен  алғашқы қарлығаштардың  бірі еді. Бүгінде осы жұмысты баласы Абай жалғастырып отыр. Біршама техникасы бар, жылда шөп шабуға қатысады. Мал басы да баршылық». Абайдың жан жары Гүлим қазіргі уақытта бала күтімінде. Десе де ол да әр уақытта жұмыс істеп, отағасына қолғабыс етіп келеді. Жұмыссыз отырған күні жоқ. Сонысымен де балаларына ғана емес, ағайын-туысқа, көрші-көлемге өнеге көрсетіп жүр. Гүлім басты жұмысым, ең маңыздысы  - бала тәрбиесі деп біледі.

WhatsApp Image 2023-05-16 at 05.57.35

«Біраз мал бар екен. Қалай үлгересіз?» - деп жатырмын отағасы Абайға қалалықтардың түсінігімен. «Иә, мал бар. Жылқы, сиыр, қой бар. Жайлап көбейтіп жатырмыз. Жазда далаға қосамыз ғой. Қыста қорада болады. Баа-шаға қолғабыс етеді. Бір апта жұмыста боламын. Бір апта үйдемін. Үлгереміз ғой» -деп жауап берді үй иесі.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 12.51.56

Ең қызығарлығы, бұл отбасының ұл-қыздарының бәрі жақсы оқиды екен. Ұздік оқумен қатар олар түрлі өнер салаларында өздерін танытып келеді дейді ұстаздары. Балалардың ең үлкені Дильназ  қазір  Орал қаласындағы Ж.Досмухамедов атындағы педагогикалық колледжінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығында оқып жатыр екен. Кішкентай кезінен  ақын-жазушылардың шығармаларын сүйіп оқитын ол ана тіліне, мемлекеттік тіліміздің өсіп-өркендеуіне  қызмет еткісі келеді. Отбасындағы екінші қыз  Гүлназ болса биыл Ақсай қаласының №4-ші мектебінде 11 сынып аяқтайды. Яғни, мектептен кейін ару қала Алматыға жол тартпақшы. Арманы Алатаудай биік  Гүлназ дипломат болсам дейді. Одан кейінгі Мирас, Динара, Наргиза өз үйлерінде, Ақсу ауылдық мектебінде білім алуда. Және де ата-аналары мен ұстаздарын күн сайын жетістіктерімен қуантуда. Мәселен, Мирас сабақты жақсы оқиды, түрлі пәндік байқауларға да қатысады. Соған қарамастан спортты ерекше  жақсы көреді екен. Әсіресе, футболды беріліп ойнайды. Ал Динара мен Наргиза болса сабақтан бос уақыттарында сурет салғанды ұнатады екен.  Оқуда озат, үйде еңбекқор, өнерлі де өнегелі бүлдіршіндердің отбасы биыл Данелиямен толықты.  Кішкентай Данелияның алдыңғы аға-апларының жолын қуып, еңбекқор, өнерлі болып өсетініне ата-анасы бек сенімді.  «Отан отбасынан басталады»  дегендей, рухани, мәдени құндылықтарды сақтаушы да осындай үлгілі отбасылар екені сөзсіз.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 12.52.24

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале