16.05.2023, 17:25
Оқылды: 17

Ел алдындағы есептік кездесулер басталды

 

Шыңғырлау ауданында ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындары басталды. Желілік кестеге сәйкес Сегізсай, Ақсуат және Қайыңды секілді шағын елді мекендерден басталған есептік кездесулерге Шыңғырлау ауданы әкімі лауазымына жақында тағайындалған Мұрат Өмірәлиев қатысты. Аталған ауылдық округтердің әкімдері өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді. Кездесулерге ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

WhatsApp Image 2023-05-16 at 09.59.09(1)

Сегізсай ауылында өткен жиында Алмаз ауылдық округінің әкімі Сағындық Қалниязов округ туралы статистиканы баяндап, әр салаға тоқталды. Округ бойынша ауыл шаруашылығы саласына бет бұрушылар саны артып келеді екен. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын округте 30 шаруа қожалық болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 34-ке жеткен. Сонымен қатар үш ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі, екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік  және алты жеке кәсіпкер тұрақты жұмыс жасауда.

WhatsApp Image 2023-05-16 at 09.59.10

«Шаруа қожалықтарының мал басын асылдандырып, етті сиырларды көбейтіп, санынан бұрын сапасына көңіл бөліп жатқандары аз емес. Былтыр «Мұрзағалиев», «Алмазная» екі шаруа қожалығы ашылды. Биыл «Ерхан», «Інжу» шаруа қожалықтары ашылып, ірі қара мал өсірумен айналысуда. Мысалға айтар болсақ округтегі «Әл Фараби» шаруа қожалығы 200 бас аналық сиырын басқа ауданнан әкеліп, оны көбейтуді қолға алса,  биыл «Ораз Мәлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 220 бас ақ бас тұқымды ірі қара малын әкелген. «Аққұм Агро» шаруа қожалығы 250 бас ұсақ мүйізді мал әкеліп, енді сүтті сиыр әкелуді жоспарлап отыр. Жаңадан ашылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі үш гектар жерге бау-бақша салып, жұмыстануда. Бұдан басқа округімізде мал басын асылдандыру жұмысы әлі де жалғасады, - дейді Алмаз ауылдық округінің әкімі Сағындық Қалниязов.

WhatsApp Image 2023-05-16 at 10.10.27

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Осы орайда ауыл ақсақалы Зарлық Сүйіндіков және өзге де ауыл тұрғындары тарапынан әр есептік жиын сайын көтерілетін жолдарды жөндеу мәселесі мен тозығы жеткен электр желінің сымдарын жаңарту, ұялы байланысты жетілдіру секілді мәселелеріне аудан басшысы сала мамандарымен бірге жауап берді. Есептік жиыннын соң ауыл тұрғындары аудан әкімінің қабылдауына жазылып, өз сауалдарына жеке жауап ала алды.

Сегізсай ауылынан басталған есептік кездесу Қарағаш ауылдық округіне қарасты  Ақсуат және Қайыңды ауылдарында жалғасты. Қарағаш ауылдық округінің әкімі Мерхан Жумиев бұған дейін округ көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Жиын соңында ауыл тұрғындары аудан әкімінің орынбасарына, тиісті мекеме басшыларына сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды. Осы тектес есептік кездесулер ауданымыздың барлық елді мекенінде жалғасады.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале