Ауру айтып келмейді. Болашағынан үлкен үміт күттірген, белгілі спортшы болсам деп армандаған ақшаттық Қалдыбай Нұрхатқа аты жаман аурудың диагнозы қойылғанда шыңғырлаулықтер барынша қолдап, қолдан келген көмектерін берісті. «Көп түкірсе - көл» деген, ел-жұрттың шынайы ниеті мен дұғасы қабыл болған болар, Нұрхаттың бірнеше емдеу курстарынан соң беті бері қарады. Жуырда Нұрхат бауырымыз өзінің туған Ақшатына оралды. Көңіл-күй жақсы, ертеңгі күнге сенімі мол. Жанашыр ағайын, тілектес жерлестері бұл қуанышты хабарды естіп, шүкіршілік етуде. Нұрхаттың осы кезге дейін жанында болған анасы Жанаргүл Тоқтыбаева сол бір ауыр күндер туралы айтып, редакциямызға хабарласқан еді.
-2022 жылдың мамыр айында, мектеппен қоштасып, түлек атанар шақта 17 жасар ұлыма Алладан сынақ келіп, ақ қан (лейкоз) диагнозы қойылып, отбасымыз үшін өміріміз дейін-кейінге бөлініп, Түрік еліне шұғыл түрде аттандық. Басымызға түскен сын сағатта ұлымның сыныптастары да түрлі кештерден бас тартып, достық көңілдерін білдіріп, қолдау көрсетті.
Стамбул қаласында Medipol Mega клиникасында осы дертпен күресу жолында 66 химиотерапия, радиотерапия қабылдап, кемік майын ауыстыру отасынан өтті. Қаншама ауыр күндер, ұйқысыз түндер бастан өтті. Қазақстаннан Түркияға аттанып кеткен күннен-ақ жанашырларымыз бір күн де әрекетсіз қалмады, ешқандай кедергіге, ауа райына қарамастан көшелерге шығып, челлендж жасап, жәрмеңке мен акциялар өткізіп, тіпті көршілес қалаларға жол жүріп, қаражат жинап қолдау көрсету мақсатында түрлі шараларды ұйымдастырды. Аталған жолда бізге демеу болған, рух берген жақындарымыздың, ауылдастардың, ұстаздардың, шәкіртім деп шырылдаған, ұлымды боз кілемге баулыған ұстаздары мен спорт саласындағы азаматтардың да еңбегі өлшеусіз. Әр күн сайын, сәт сайын барша Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі, әр бөлігіндегі қолдаушылардың аман-есен оралуымызды тілеп, біз үшін дұғада болғанын шын сезіндік.
Шет елдегі әрбір қадам қарызға айналған кезде, сағымызды сындырмай, көңіліміз құлаған кезде, алыс елде отырсақ та, барлық қалалардан қол ұшын берген қандастарымызға, тіпті жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де жан-жақты көрсеткен қолдауына, үлкен-кішінің бәріне мың алғыс білдіреміз.
Боз кілемдегі қарсыласын жеңгендей, өмір үшін күресте де жеңіске жетіп, чемпион атану баламның арманы болатын. Ең алдымен Алланың, одан соң түрік дәрігерлерінің арқасында дәл осы аты жаман ауруды жеңіп, біз армандаған күн - туған елдің түтінін сағынып, ауылдың ақ таңын аңсап келген күн араға 11 айдан кейін, жылға жуық уақыт салып бұйырды. Елге келіп маңдай тіредік, ең қиын кезден өттік, дегенмен әлі де белгілі бір уақыт сайын дәрігерлердің қарауында болып, тексерістен өтіп тұру қажеттілігі бар,-дейді Жанаргүл.
Иә, басқа түскен сынақтың салмағы ауыр. Нұрхатқа алда да үлкен күтім, сабыр керек-ақ. Шетелде емделген соң ондағы барлық дәрігерлік ем-шаралардың ақылы екендігі белгілі. Жанаргүл Түрік елінен алған ем-домы үшін әлі де 17 млн бережақтары бар екенін айтады, қолхат қалдырып елге келген олар осы қаражатты қайтару жағы да уайым екенін жасырмады. Алдағы уақытта Нұрхат үш ай сайын түрік еліне барып, тексерістен өтіп тұру керек. Ал, Қазақстанда 15 күн сайын анализ тапсырып, соны Түрік клиникасына жіберіп тұрады екен. Ондағы дәрігерлер анализ қорытындыларына қарап, емді қысқартып немесе ұзартып тұрмақ. Дәрі-дәрмектерді өздерімен алып келген, оны да анализдің қорытындысына қарап иә тоқтатып, иә жалғастырып отырмақшы.
«Келесі Түрік еліне сапар шеккенше клиника алдындағы қарыздың өтелгені дұрыс болар еді, бір сәті болар деп үміттенеміз», - дейді Жанаргүл.
Иә, сын сағатта елдігімізді танытып келе жатқан халықпыз. Нұрхаттың аурудан құлан таза айығып және еміне қажет қаражаттан кідіріс болмауы үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып ат салысып, барынша қолымызды созайық. Әр күннің, әр сәттің бағалы екенін ұғынып, хал-қадірімізше Нұрхаттың еміне деп жәрдем берейік, ағайын. Өйткені Нұрхат осы күнге дейін біздердің қолдауымызға бала жүрегімен шын сенді, сол сенім оны әлі де алға жетелей түссін!
Г.Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz