Биыл – Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл. Бұдан бөлек, Жаһаншаның саясаттағы серігі, жолындағы сыңары – Халел Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 140 жыл толады.
Осы тарихи датаға орай Жымпиты халық театры көрермендерге «Ақ киіз» атты тарихи драманы ұсынбақ. Жаңалығы сол, драманың премьерасы 21 мамыр күні сағат 16:00 -де Астана қаласында, жерлесіміз А. Маемиров басқаратын музыкалық жас көрермен театрында өтеді.
Заңгер, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интелегенциясының көрнекті өкілі, заңгер, әділет генералы, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедов пен оның серігі Халелдің қайраткерлік ісін баяндайтын тың туындының авторы - ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Б.Ширмединұлы. Қоюшы режиссер – А. Шарипов. Сценограф - М. Мамбетов болса, автордың кеңесшісі – тарихшы С. Зиятов.
Қойылымда тарихта аты бар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов. М. Шоқай, Салық бай, Қуанай Хазірет секілді тұлғалармен бірге, қойылымда өмірде болған, бірақ кітаптарда дерегі жоқ Таубай, Қабас байлардың тұлғалары тұңғыш рет сахнаға шығады. Көрермен Жаһанша мен Халелдің Ленинмен кездесуіне куә болады.
«Ақ киіз»-бен бірге Астанада Алаш күндері басталады.
22 мамыр күні «АЛЖИР» мемориал-музей кешенінде «Алашорданың батыс бөлімі қайраткерлерінің ұлттық идеология жолындағы күресі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
Шараларды ұйымдастырушы – Сырым ауданының әкімдігі.
zhaikpress.kz