Сырым ауданы орталығы Жымпитыдағы «Алаш» музейінде аудандық Жас туристер станциясының ұйымдастыруымен қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының мүшесі Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл және Күнбатыс Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толуына орай саяси тұлғаның өмір жолы мен Күнбатыс Алашорда үкіметінің саяси қызметін тану мақсатында аймақтық «Алаштану» музейлік квест ойыны өтті.
Шараға Сырым ауданынан бөлек Бөрлі, Теректі, Қаратөбе аудандарынан бес команда қатысты.
Қатысушыларға музей алдында ақ пен бауырсақ ұсынылып құрмет көрсетілді. Кейіннен музейге экскурсия жасалды.
Музейдің квест ойынының ережесіне сәйкес қатысушылар «Сұрақ бізден, жауап сізден», «Алаштың асыл азаматтары», «Жәдігерлер үнсіз қалмасын», «Музейдегі үздік селфи» кезеңдерінде өзара бақ сынады.
Нәтижесінде, ІІІ орынды бөрлілік «Қыран» тобы, ІІ орынды теректілік «Эрудит» иеленсе, қаратөбелік «Алаш» тобы І орынға лайық деп танылды.
Жүлдегерлер аудандық білім беру бөлімінің дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz