19.05.2023, 12:01
Оқылды: 28

«Зердеде» оқып жүр зейінді қазақ баласы

Дана қазақта «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деген сөз бар. Күллі игілік атаулы еңбекпен ғана келетінін ұмытуға болмас, әсте. Қашан көрсеңізде тынымсыз ізденіс үстінде жүретін еңбекқор жандарды көргенде жанымыз жадырап, көңіліміз марқаятыны рас. Мәселен, Подстепный ауылының тұрғыны Гүлнафис Джәлміш нағыз еңбектің адамы десек, артық айтқандық емес.

IMG-20230518-WA0013

Оның кіндік қаны Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылында тамған.

- Балабақша мен бастауышты Сырым ауданы, Аралтөбе ауылынан аяқтадым. 1996 жылы Ақсай қаласындағы негізгі мектепті бітіріп, 1999 жылы №15 Бөрлі кәсіптік техникалық лицейінің 3 жылдық оқуын тәмәмдадым. Сол жылы №12 Орал кәсіптік техникалық лицейінің бір жылдық курсын аяқтадым. Осы барлық оқу орындарынан тігін мамандығы бойынша білім алдым.

2000 жылы Оралдағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 2003 жылы  мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломға ие болдым. Еңбек жолым Бөрлі  ауданы,  Облавка ауылынан басталды. Сол жерде жұмыс істей жүріп, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың сырттай оқу түрін оқып, жоғарғы білімге қол жеткіздім, — деген кейіпкеріміз өмір жолынан сыр шертті.

IMG-20230518-WA0012

Гүлнафис қандай да болмасын істі талғамай, білек сыбана кірісіп кететінін бірден байқадым. Өйткені, ол кісі - тігінші, ұстаз, тіпті Оралдағы ХҚКО-да он жылдай инспектор қызметін де атқарыпты. Бір сөзбен айтқанда, білімді, адаммен тез тіл табыса алатын қасиеті бар. Бүгінгі таңда жолдасы екеуі төрт бала өсіріп отырған көпбалалы отбасы. Бала демекші, Гүлнафис Сағатқызы бала күтіміне байланысты декреттік демалысында да қол қусырып отырған емес.

- Ойды ой қуады. «Ылғи мемлекеттік қызметте жүрген екенмін, енді өз-өзіме неге жұмыс жасамасқа?» деп әрі-бері ойланып, кондитерге барып торт пісіруден тәжірибе жинадым. Кезінде анам тәттілерді жақсы пісіретін, сол кісіден де үйренгенім бар.  Тапсырыс қабылдаймын, ол да табыс көзі. Сөйтіп жүріп бизнеске келдім. Оны таңдаған себебім, бір жұмысқа байланып қалмай, еркін боламын. Балаларымды үйірме,  балабақша, сабақтарына апарып жүруіме уақыт та бар. Тоқ етері,балаларым қараулы, жұмыс та жүріп тұрады, - деді Гүлнафис.

Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Әмәнда, қолдау бар жерде - самғау бар екені сөзсіз. Тек тың жобаларды жүзеге асырып, бағдарлама бағытын барынша байыту керек.

Теректінің топырағында кәсібін өрге домалатып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлердің бары көңіл қуантады.Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қарасы күн артып өсіп келеді. Олардың қатарында Гүлнафис Джәлміш те бар.  Ол ең алдымен  кәсіп саласы бойынша білімін жетілдіріп, сертификат иеленді. Сосын бизнес жобасын сәтті қорғап, мемлекет тарапынан 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Қазіргі уақытта Подстепный ауылынан «Зерде» оқу орталығын ашып отыр.

- Әуелі ауылдағы орталықтарды зерттедім, бірқатар оқу орны бар екен, тек бастауыштан білім беретін орталық жеткіліксіз. Болашақ сапалы білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады ғой, сол себепті балдырғандарға  қосымша сабақ береміз. Бүгінгі таңда 10 оқушы білім нәрімен сусындауда. Олар аптасына  үш рет келеді.

Шағын бизнес болса да,  Күләйім  Зинешқызы деген бизнес серіктесім бар. Ол кісі зейнеткер, 35 жыл еңбек өтілі бар педагог зерттеуші,  білімі мықты. Екеуміз бірге бастадық. Оқу орталығының өркендеуінде ол кісінің еңбегі көл-көсір. Біздің мақсат - осындай жас ұрпақты тәрбиелеу, - деген кәсіпкеріміз,  келешекте мектепалды даярлық тобын да  іске қосқысы келетінін тілге тиек етті.  Себебі, сұраныс бар.

- Осынау іске бел буып келуіме жолдасым, отбасымның қолдауы мол болды. Подстепныйлық кәсіпкер Анар Қайрекенованың еңбегі ұшан-теңіз. Ал көп балалы ана, «TUGURYM» қоғамының жетекшісі Айнұр Арыстанованың ақыл-кеңесі үнемі жадымда, -деп  ақжарма ақ тілегін ақтарды.

Айтпақшы, Гүлнафис Сағатқызы Подстепный ауылдық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Құрамында 10 адам бар кеңес  бизнес-идеяларға, жобаларға қолдау көрсетіп, өз ісін енді бастаушы кәсіпкер қыз-келіншектерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, кеңес беру және ақпараттық тұрғыдан көмектеспек.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале