БҚО-да картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат егістіктерінің де көлемін артады. Бұл сырттан келетін көкөніс өнімдерінің осы төрт түрінің көлемін азайту және бағасының қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданындағы бірқатар агроқұрылымдардың жұмыстарымен танысу кезінде мәлімдеді.
-Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған міндеттерінің бірі - азық-түліктік өнімдерді жергілікті жерде көбірек өндіру, сөйтіп олардың бағаларын барынша қолжетімді жасау. Жылына батысқазақстандықтарға 64 мың тонна картоп керек болса, бүгінгі таңда соның 90 пайызы қамтылып отыр. Қажетті 10 мың тонна пияздың 98 пайызы өзімізде өндірілуде. Сәбіз бен қырықабат 50 пайыз шамасында. Қазір облыста 1800 гектар алқапқа картоп егілуде. Енді соны көбейту керек. Бұл өнімдерімізді көкөніс қоймаларында сақтау арқылы біз келесі өнім шыққанға дейін олардың бағасын қолжетімді етіп ұстап тұрауға мүмкіндік береді,-деді Рубежен ауылдық округінде орналасқан «Рубеженское» АӨК-тың картоп алқабында болған кезде Нариман Төреғалиұлы.
Көкөніс пен картоп өнімдерін егу және оларды сақтау жайы Январцев ауылында орналасқан «Baystone» ЖШС-ында да жалғасын тапты. Мұнда қазір жалпы сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрайтын үш көкөніс қоймасы бар. Картоп, сәбіз секілді өздерінің былтырғы өнімдері әлі де сақтаулы тұр. Биыл 4 мың тонна көкөністі сақтауға мүмкіндік беретін тағы бір қойманың құрылысы басталмақшы. Соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылған қоймаларға жоғары бағасын берген өңір басшысы алдағы жылдан бастап көкөніс қоймасын салғандарға берілетін демеуқаржы көлемі кеткен шығынның елу пайызын жабуға жететінін айтты. Серіктестік құрылтайшысы Станислав Качалоның сөзіне қарағанда, қоймаларды қысы-жазы, тәулігіне 24 сағат бойы қажет температурада ұстап тұратын электр қуатына төленетін қаражат көлемі аз емес. Демеуқаржы мөлшерінің өсуі осындай шығындарды айтарлықтай азайтары анық. Жалпы серіктестік мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп келе жатыр.
Январцев ауылдық округіндегі «Ayla Enviro» ЖШС-ы Чехиядан 96 бас семинтал тұқымды ірі қара малын бағып отыр. Серіктестік директоры Байзолла Аманғалиевтың айтуынша, биыл олар өндірілген сүтті Дарияндағы «Каварин» ЖК-ға тапсыруда. Келер жылы сүтті өздері өңдеп, өнім шығаруды жоспарлап отыр. «Бұл бастамаңыз өте дұрыс,-деді облыс әкімі.- Бүгінде азық-түлік өнімдерін өндірушімен салыстырғанда, оны өңдеуші көп пайда тауып отыр. Егер өнім өңдеуге мән беретін болсаңыз, кеткен шығындарыңыз ақталып, пайда молаяды. Яғни сіз секілді шаруалар кешенді түрде жұмыс істеп үйренулері тиіс».
Январцев ауылдық округінде болған кезде өңір басшысы сондай-ақ егін және мал шаруашылықтарымен айналысатын «Перспектива Кан», «Заман» ЖШС-ларында да болып, шаруашылықтарымен танысып, олардың жұмыстарын да жоғары бағалады.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы