Ауданымызға репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, «ДАНА» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, журналист Жантас Сафуллин, жұмыс тобының мүшесі, репрессияға түскен дін өкілдері туралы зерттеуші-журналист Қазбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет университеті тарих кафедрасының меңгерушісі Әлфия Байболсынова келді.
Комиссияның жұмыс тобы қуғын-сүргінге ұшырағандардың Құттыбай Бекболсынов, Жанаргүл Бекболсынова, Тілекқабыл Нұржанов, Ким Федянин, Болат Уәлиев, Наурызғали Оспанов, Берік Бисалиев, Айдархан Рамазанов, Сембай Ихсанов сынды ұрпақтарымен, ауданның тарихшыларымен кездесіп, советтік репрессияға ұшыраған әкелері, туған-туыстары туралы әңгімелерін бейнежазбаға түсіріп алды.
Кездесу барысында қуғын-сүргінге ұшыраған бай-құлақтар, халық көтерілістеріне қатысушылар, Алаш қозғалысы, Алашордаға қатысты тұлғалар мен ниеттестер, Қазақстаннан басқа жаққа амалсыз көшкен босқындар, ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары, әскери тұтқындар, жер аударылғандар және арнайы қоныс аударушылар, дін өкілдері туралы естеліктер айтылды.
Репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссияның жұмыс тобы мүшелері аудандық архив құжаттарымен танысты. Мұрағатты сақталған көне құжаттармен, білім мекемелерінің 1930 жылдардағы бұйрықтарымен, жиналыс хаттамаларымен қарады.
Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия биыл «Халық жады» («Память народа») атты естелік жинағы дайындау үстінде. Саяси репрессия кезінде қудаланған жандардың ұрпақтары айтып берген әңгімелер «Халық жады» жинағында жарияланады.
Аудан-аудандарды аралап, кездескен әрбір репрессия құрбандарының естелік-әңгімесін, құрбандардың аты-жөндерін, оқиғаларын, даталарын мұқият жазып, мұрағаттан құжаттар мен деректерді іздеп, әрбір табылған сарғайған қағазын оқып, дәлдігін тексеріп, оны басып шығару – үлкен шаруа. Бұйырса, «Халық жады» жинағы тарихи деректерге толы құнды кітап болмақ.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz