23.05.2023, 12:00
Оқылды: 91

«Филармония сахнасында ән шырқау арман еді...»

24 мамыр күні «Атамекен» өнер ордасында «Ерен еңбегі үшін» медалінің  иегері, өңірімізге  танымал  талантты әнші, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Еркін  Өтегеновтың «Арман жылдар, ән жылдар» атты шығармашылық кеші өтеді. Кеш иесімен аз-кем тілдесіп, тыңдармандарына ұсынар жаңалығы туралы сыр тарқатқан едік. Сұхбатты кеш  қарсаңында жариялап отырмыз. 

cb9435b2-1b60-4148-9016-4643da9c3502

– Еркін Бекмұратұлы, сұхбатымызды алдымен Ақ Жайық жұртшылығына ұсынғалы отырған шығармашылық кешіңізден бастасақ.  «Арман жылдар, ән жылдар» атты ән кешіңізде көрерменге қандай жаңалық ұсынасыз? Шығармашылық кешіңіздің ерекшелігі неде? Өнер адамдары қатыса ма?

– Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп келе жатқаныма 20 жыл болды. Соңғы алты-жеті жылда филармонияның көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келемін. Жасыратыны жоқ, көркемдік жетекші қызметіне тағайындалғалы жеке шығармашылығыма жіті көңіл бөлмей кеттім. Алғашқы шығармашылық кешімді 2009 жылы ұйымдастырсам, екінші ән кешім 2018 жылы өткен еді. Араға бес жыл салып, тыңдармандарыма «Арман жылдар, ән жылдар» атауымен үшін-ші шығармашылық кешімді ұсынғалы отырмын. Әншілік қабілет-мүмкіндігім бабында тұрған кезде өнер көрсетуге тиіспін деп есептеймін. Шығармашылық кешімде елімізге танымал және жергілікті ақын-композиторлар жазған сырлы да лирикалық бірнеше жаңа ән ұсынамын. Сондай-ақ облыстық камералық оркестрдің сүйемелдеуімен де әндер шырқалады. Бұған дейін аталмыш оркестрмен ән шырқап көрген емеспін. Бұл да бір жаңалық болғалы тұр. Тағы бір басты жаңалығымыз – афиша арқылы халық хабардар шығар, Қазақстанның халық әртісі, қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова қатысады. Мақпал Мұхамедиярқызымен 10 жылдан бері шығармашылық байланыстамын. Өнер жолында бір-бірімізге әрқашан сәттілік тілеп жүреміз. Мақпал апамыздың менің шашбауымды көтеріп, мерейімді арттыру үшін шығармашылық кешімде өнер көрсетуі – мен үшін үлкен абырой, мақтаныш. Сондай-ақ концертте «Ақжайық», «Назерке», «Салтанат» би ансамбльдері қатысады. Халық жадында сақталған ретро әндерден шеру  (попурри) айтылады, гитараның сүйемелдеуімен де әндер  шырқаймын.

– Өнер – ататек, яғни қан арқылы қонатын қасиет деп жатады. Ата-анаңыз өнерге жақын  жандар ма? Өскен ортаңыз туралы  айта  кетсеңіз...

– Мен Жұбан елінде, қазіргі Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Қазақ «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен беріледі» деп бекер айтпаса керек. Әкем де, анам да өнерге жақын, екеуі де музыкалық аспаптарда ойнайтын. Марқұм әкем Бекмұрат домбыра тартып, қоңыр дауысымен ән айтып отыратын. Ал анам Назымгүл домбырада, гитарада, баянда да ойнайды. Мені балабақшадан бастап мәдени іс-шараларға қатыстыратын. Студент кезімде де, университет сахнасында да, ән шырқайтынмын. Шығармашылық кешімді «Арман жылдар, ән жылдар» деп атауымның себебі – менің бар арманым әнмен байланысты. Қырық жасқа дейінгі өмірімнің 70 пайызы шығармашылықтың айналасында, өнер саласымен  сабақтасып  келеді.

Жалпы мен ұзақ жолға шығатын болсам немесе ауқымды бір іс бастасам, әкем міндетті түрде түсіме енеді. Әкем 46 жасында өмірден  өткен еді. О дүниеге ерте аттанған соң немерелерін көре алмай кетті-ау деген іштей өкінішіміз болады. 2018 жылы шығармашылық кеш берердің алдында репертуарымда әке туралы ән жоқ екенін байқамадым. Содан ақын апамыз Дариға Мұштановаға қолқа салып, әке туралы әнге сөз жаздырып алдым. Әуені – сазгер Қуаныш Хисметовтікі. Сол әнді әлі күнге дейін орындап келемін. Сол ән арқылы әкеге деген сағынышымды жеткізгендей-мін. Әнді шырқап тұрғанда перзенттік борышымды орындағандай  сезімде  боламын.

Сіз үшін бақытты отбасы болудың құпиясы қандай? Ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстанымыңызға тоқталсаңыз.  Сондай-ақ бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Отбасылық бақытқа жету үшін махаббатпен бірге ерлі-зайыптылардың өзара кешірімділігі, бір-біріне түсіністікпен қарауы, отбасы мүшелерінің арасында сенімнің берік болуы маңызды. Адамның намысына тиетін, көңіл суытатын сөз бен уақытында тежелмей қалған ашу-ыза отбасының ыдырауына соқтырады. Аллаға шүкір, бақытты жанның бірімін. Дәулет, Айдын есімді ұлдарым мен Меруерт, Медина есімді қыздарым бар. Жұмыс барысымен іссапарлап кететін күндеріміз аз болмайды. Таңмен ерте кетіп, түнде жәй келіп жатамыз. Үйдің тірлігін, балалардың тамағын беріп, сабаққа жіберуді, балабақшаға апарып-алып келуді анам мен жұбайым өзара келісіп, атқара береді. Бұл – маған үлкен қолдау.  Жанұя үйлесімділігі осы болса  керек.  Күнделікті шаруадан сәл босасам, балаларымды демалыс орындарына апарамын.

Табиғат аясында серуендейміз. Ұлдарыммен бірге кейде ауылға барып келеміз. Өз басым ұл-қызыма «мынаны бүйт, сөйт» деп ақылгөйсігеннен гөрі, іс-әрекетіммен үлгі болған жөн деп есептеймін. Адамның мінез-құлқы, тәрбиесі әу баста қан арқылы, көрген-білгенін санасына түю арқылы қалыптасады. Отбасында өнегелі тәрбиені көріп өскен бала оғаш қылық көрсетпейді деп білемін. Перзенттеріміздің алдында біз, ата-анасы ретінде дұрыс жүруге, мәдениетті сөйлеуге, адал, тәрбиелі, абыройлы адаммен араласып, сыйласуға тырысамыз.  Өйткені бала – өзіміздің айнамыз. Іс-әрекетімізбен қандай қылық көрсетсек, олар соны көшіріп алады. Сол себепті өзімізді  тәрбиелеп  келеміз.

Өнер адамдары тыныс алу жолдары мен тамағының күтіміне ерекше мән береді. Сіз дауысыңызды қалай сақтайсыз? Сондай-ақ ырым-тыйымға сенесіз  бе?

–  Ән салатын адамдардың дауыс күтіміне мән беретіні рас. Салқын су ішпеуге, ащы көкөністерді, жеміс-жидектерді жемеуге тырысамын. Кейде көк алма жесем, тамағым құрғап кетеді. Сол себепті ішкен-жеген тамағыма мән беремін. Қазақ – ырым-тыйымға сенетін халық. Мен де ырымға сенемін. Көпшілік алдында жүрген кезде көз тию деген  болады. Кейде бір күн бұрын тіктірген костюміңдегі тастар өзінен-өзі түсіп қалып жатады. Қарап тұрсаң, ол тастар шағын темірге бекітіліп, тігілген еді. Сондай жағдайлар кездеседі. Концерттерде өнер көрсеткеннен кейін суға шомылып, жуынамын.

Бала Еркіннің есінде қалған әсерлі, ерекше оқиғаның бірімен бөліссеңіз...

–  Қарауылтөбе ауылындағы орта мектепті 2000 жылы бітірдім. Сол жылы музыкалық білім алу үшін университетке құжаттарымды тапсырып едім, оқуға түсе алмай қалдым. Біз мектеп бітірген жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі іске қосылған еді. Алғашқы сынақ болғаннан шығар, ойлаған балымды жинай алмадым. Содан бір шемодан киімімді жинап, Орал қаласында тұратын аға-жеңгемнің үйіне тарттым. Мақсатым – ҰБТ-ға бір жыл бойы дайындалып, музыкалық өнер бағытында білім алу. Аға-жеңгем шемекі (семечки) сату бойынша көтерме саудамен айналысты. Мен солардан шемекіні алып, оны қуырып, Орал қаласындағы қазіргі Н. Назарбаев көшесі мен Карев көшесінің қиылысына түстен кейін сатуға шығатынмын. Кеште жастар көшеде көп жүреді ғой. Ол кезде стаканына байланысты шемекіні 5, 10 және 15 теңгеден саттым. Ал мен отыратын жерге қарамақарсы филармония тұр. Ол кезде директор Донеділ Қажымов ағамыз еді. Әртістер кіріп-шығып жатады. Әншілердің, оркестрдің  өлең айтып,  дайындалып жатқандары естілетін. Шемекімді сатып отырып, филармонияда қызмет атқаруды армандайтынмын. «Осы ғимараттың сахнасында ән айтсам екен» деп. Кейде филармонияда тегін концерттер болып жатса, кіріп кетуші едім. Ол кезде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Орал қаласының әкімі Вениамин Мұқатаев еді. Қала тап-таза болатын. Учаскелік милициялар күн сайын рейд жүргізетін. Бір күні  бұрынғы әдетім бойынша филармонияға қарап, армандап кеткен болуым керек, милицияның жаныма келгенін байқамай қалыппын. Одан бұрын да келетін, мен қашып үлгеретінмін. Сол жолы қашып үлгере алмай қалдым. Милиция ағай: «Сен балаға бұл жерде сатуға болмайтынын айттым емес пе?» дей бергенде, кострюлімді құшақтап алдым. Кострюльдегі шемекім ағаш отырғыштың үстінде тұр ғой. Сөйткенімше болған жоқ, милиция отырғышымды алып кетті. Мен де оның артынан жүгіріп жүрмін, «Ағай, беріңізші» деп жалынып. Ол: «Енді артымнан жүрсең, қолыңдағы шемекіңнен айырылып қаласың» деді. Тығылып, қақпадан сығалап қарап тұрдым. Милиция ағай жолдың арғы бетіне өтіп, филармония ғимаратына кіріп кетті. Содан шемекімді үйге апарып тастап, филармонияға қайтып келдім. Ол отырғышты сонда тастап, өзі шығып кеткен екен. Ішке кіріп, вахтер апайға: «Апай, ана тұрған отырғыш менікі еді. Алуға бола  ма? Жаңа учаскелік милиция ағай алып келген шығар» дедім. Ол да: «Ала ғой» деді. Қуанып, отырғышым өзіме олжа болып, алып кеттім. Сол вахтер апай көп жыл филармонияда жұмыс істеді. Бір-екі жыл болған шығар, зейнетке шыққанына. Апайды көрген сайын балалығым есіме түсіп, күлкім келеді. Бір кездері арман болған өнер шаңырағында қызмет етіп келе жатқаныма 20 жыл болды.

–  Сырлы сұхбат, ашық-жарқын әңгімеңіз үшін үлкен рақмет!

 

Әңгімелескен Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале