23.05.2023, 17:35
Оқылды: 52

Елі қадірлеген ер

Биыл шаңырақ көтергеніне 95 жыл толғалы отырған аудан тарихына өз қолтаңбасын қалдырған азаматтардың бірі – марқұм Тілекқабыл Қабасов. Көзкөргендер оның есімін әлі күнге құрметпен еске алады.

IMG-20230523-WA0050

Елі сүйген сол ердің туғанына осы мамыр айында 80 жыл толады. Ол Фурманов ауданының Таскүтір ауылдық кеңесіне қарасты «Талдықұдық» кеңшарында, қарапайым шаруа отбасында өмір есігін ашқан. 1961 жылы Талдықұдық орта мектебін ойдағыдай аяқтап, А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының студенті атанады. Екі жылдан кейін институттағы оқуын тоқтатады. Туған ауылы – Талдықұдықта көлік жүргізушісі болып жүрген кезде армияға алынады. Әскерден оралысымен, кеңшарда спорт әдіскері болып еңбекке араласып, бір жылдан кейін Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына зооинженер мамандығы бойынша оқуға түседі.
Иә, қызығы мен думаны мол студенттік күндер де артта қалып, енді жас маман шаруашылық жұмысына араласады. Алғашында қатардағы зоотехник, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарса, кейіннен «Қараөзен» қой кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалады. Осы кезде оның іскерлік қабілеті айқын көрініп, кеңшардың еңбек көрсеткіші жыл санап артады. Бірқатар малшы-шопан жоғары мемлекеттік марапаттарға қол жеткізеді. Бұдан бөлек кеңшарға жақын жердегі Құлақ елді мекенінде (№2 ферма) ірі қара бордақылайтын кешен салынса, мал азығын нәрлендіріп беретін арнайы цех та іске қосылады. «Еңбегі барды – ел сүйеді» дегендей, Т. Қабасовтың абырой-беделі де осы кезеңде биіктей түседі. Енді ол саяси қызметке тартылып, «Көктерек» қой кеңшары партия ұйымының хатшылығына сайланады. Содан соң аз ғана уақыт «Сарықұдық» мал бордақылау бірлестігіне басшылық жасап, 1985 жылы сәуірде аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі «Ақкөл» қой кеңшарының директоры қызметіне тағайындалды. Осы жерде жеті жылдай абыройлы қызмет атқарып, өзінің айшықты қолтаңбасын қалыптастырады. Әрі кеңшар тұрғындарының аулаларына бау-бақша егіп, үй маңына жеміс ағаштарын өсіруін қатаң қадағаласа, малшы-шопандардың қыстақтарына электр желісін тартуға да айрықша көңіл бөледі. 1990 жылы кеңшар орталығы – Жаңажолға табиғи газ жеткізілуі ел-жұрттың есінен кетпес қуаныш болғанын айтып жатудың өзі артық. Мұның артында қаншама қажырлы еңбек пен тынымсыз тірлік жатыр десеңші?! Сондай-ақ Тілекқабыл Жанқадырұлының «Көктерек» қой кеңшарының директоры, «Ақкөл» кәсіпорны директорының орынбасары және 1995-97 жылдары Жалпақтал аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник болғанын да айта кетелік. Қай жерде болмасын, кісілік келбетіне кір келтірмей, көптеген игі іске жол ашқан. Бұған қоса Ибатолла Үмбетов, Ғайса Сүйеуғазиев, Қасиет Төлешқалиев сынды ұзақ жыл ел басқарған жандардан тәлім-тәрбие алып, өзі де шыңдалған, өзгені де ширатқан. Сол қатарда Нәсиболла Түменов, Сәрсенбі Бектеміров, Мұнайдар Сатқанов, Абай Иманғалиев, Мұрат Ахметжанов, Сатқан Төлегенов, Арман Өтеғұлов, Әйбек Әкімәлиев сынды ел мақтанышына айналған аға-
лар бар. Олардың бірқатары әлі аттан түскен жоқ. Артына осындай айшықты із қалдырған білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Тілекқабыл аға – сүйікті жары Сафура апаймен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Әттең, осы бір халқы қадірлеген биік бедел иесінің жүрегі 70-ке қараған шағында соғуын тоқтатты. Уақыттан жүйрік не бар, міне, оған да он жылдың жүзі ауыпты.

Миржан Қарабалин,
облыстық мемлекеттік мұрағаттың
Жалпақтал филиалының директоры,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале