23.05.2023, 19:10
Оқылды: 81

Жұмысы ұшан-теңіз жандар

Мәдениет десе, көз алдыңызға бірден әнші, биші, күйші келе қалатыны рас. Осынау өнер иелерінің сахнада жарқырап тұруына маңдай терін төгіп жүрген дыбыс режиссеры, жарық беруші сықылды мамандық иелері де мәдениет саласының адамдары екенін ұмытпағанымыз абзал. Бір сөзбен айтқанда, жарық, дыбыс сынды техникалық дүниелер сахнада өте маңызды. Біз бүгін жұмысы ұшан-теңіз,  десек те өздері көрінбейтін жандар хақында жазсақ дейміз...

IMG-20230523-WA0116

Ерасыл Әлібеков 1999 жылы Жаңақала ауданы, Айдархан ауылында дүние есігін ашқан. Ауыл мектебінен 9-сыныпты тәмамдап, Оралдағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне аттанған. Бұл оқу орнын аяқтаған соң, Шымкент қаласындағы халықаралық «Азия» университетінде білімін жалғастыруды құп көрген. Оқумен қатар осы қаладағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырушы-ұстаз қызметін атқарады. Ал 2022 жылдан бастап Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығына дыбыс режиссері қызметіне орналасқан жас маман.

- Аталмыш өнер орталығына келгенде, әріптестерім мені жатсынбай, құшақ жайып, жылы шырай танытты. Қолдау білдірді. Жастар – ел болашағы. Қазір көп жас ауылдан қалаға кетіп жатады. Ал ауылдарға да жас мамандар керек деп ойлаймын.  Егер жол көрсететін алдыңғы аға буын болса, солардың ізін басып, «Ұстаздан шәкірт озар» деген мақалды  ойға түйіп, еңбек етуге мүмкіндік беріп отырған аудан үшін маңдай терімізді төгуге тырысамыз, - дейді Ерасыл Әлібекұлы.

Жалпы, дыбыс жазу ісі бірнеше сатыдан тұрады. Дыбыс режиссерінің ән-жырды жазып алғаннан кейінгі маңызды жұмысы – монтаждау, яғни өңдеу. Бұл – майдан қыл суырғандай ептілікті, қырағылықты талап ететін нәзік жұмыс.

- Қазіргі уақытта жасаған әр ісіміз халықтың көңілінен шықса, біз үшін сол мәртебе. Заман ағымына сай мәдени ойын бағдарламаларды, әртүрлі жобаларды Youtube, Aitube платформаларында дамыту ойда бар, - деген кейіпкеріміз келешек жұмыс жоспарымен де бөлісті.

Бос уақытында ол отбасымен серуендеп, әртүрлі материалдардан бұйымдар жасағанды жаны қалайды. Қазақтың ұлттық ойыны – ләңгіні жақсы ойнайды екен. Актерлық шеберлікке деген қызығушылығы да бар. «Жас отбасы» атты аудандық сайыстың бас жүлдегері атанған  Ерасыл Әлібекұлы жұбайы екеуі бір ұл бала тәрбиелеп отыр.

Ал келесі кейіпкеріміз Данияр Балқасимов 1998 жылы Ақжайық ауданы, Сайқұдық ауылында дүниеге келген. Туған жеріндегі Ж.Молдағалиев  атындағы  орта мектепті аяқтаған.

b73f19d1-c06e-4d44-a362-6b7b99877dae

Ақыл пен парасаттың белгісі білім екені баршаға белгілі. Дана қазағымыз «Білімді адам  - жарық шам секілді» деп бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Осы орайда білім алуды жөн санаған ол Құрманғазы атындағы саз колледжінің режиссура мамандығы бойынша оқуға түсті.

- Әр жігіт әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегені дұрыс. Өйткені әскер - өмір мектебі. Әскерге барған адам, біріншіден, физикалық әрі рухани тұрғыда шыңдалады. Жас жігіт өз бетінше, белгілі бір тәртіпке бейімделіп өмір сүруді үйренеді. Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, досқа деген құрмет сезімі артады. Әрбір елдің болашағы өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, ержүрек, қайсар ел азаматын тәрбиелеуден басталады. Яғни, бұл бастау мектеп табалдырығында қалыптасады. Мен де оқушы кезімнен бастап әскерге баруды армандайтынмын. Сөйтіп, 2017 жылы Тараз қаласындағы «55-13» әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтедім, - деген Данияр әскерден соң оқуын қайтадан жалғастырды.

2022 жылы Оралдағы «Атамекен» өнер орталығында жұмыс істеген. Дәл қазіргі уақытта Теректі аудандық мәдениет үйінде жарық беруші болып қызмет атқарады.

Сахнаны жарықпен әсерлендіретін адамды көрермендер көрмейді. Сан алуан түспен түрлендіріп таң-тамаша қалдырып отыратын бұл мамандықтың қыр-сыры көп. Мұны сұхбат барысында Данияр бүге-шігесіне дейін әңгімелеп берді. Сонымен қатар жалықпай еңбек етсең ғана жұмыс алға басып,  жемісін көруге болатынын тілге тиек етті.

 

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале