25.05.2023, 13:01
Оқылды: 49

Медиация мәселесін қаузады

Жуырда «Қоғамдық  келісім» КММ-ға қарасты БҚО татуласу орталығының ұйымдастыруымен  Орал қаласы мектептерінің дебат клубтары арасында «Заманауи мектептегі медиация және  этномедиация» атты зияткерлік ойын өтті. Алдымен татуласу орталығының басшысы Алуа  Рахишева бұл іс-шараның негізгі мақсаты мен медиация саласының қоғамдағы маңыздылығына  тоқталды.

cc99c4ef-fbb1-43bc-93e3-9e5601268769

– БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі бес бөлімінің бірі – татуласу орталығы. Біздің орталығымызда 73 кабинет жұмыс істейді, оның 18-і – медиация бұрышы. 2011 жылы «Медиация туралы» 28 тармақтан тұратын заң қабылданды. Елімізде 2015 жылдан бастап медиаторларды дайындау қолға алынды. Бұл салада білікті кадр саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Өңіріміздегі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті медиация саласының мамандарын даярлайды.

Медиация дегеніміз – делдалдық қызмет. Басты мақсат – араларында дау-дамай туындаған адамдарды татуластыру. Дәл осылай этномедиация да ұлтаралық қақтығыстың өршуіне жол бермей, тараптардың бейбіт келісімге келуіне көмегін тигізеді. Мектеп жасындағы жасөспірімдердің арасындағы мәселелердің ушыға түспей, оқушылардың өзара әділ шешімін тауып, уағдаласуына сеп боламыз. Одан бөлек ересектер де, жас отбасылар да бітімгерлер көмегіне жүгінеді. Кейінгі бес айда БҚО татуластыру орталығына 120-дан аса өтініш келіп түсті. 49 жағдаят бойынша медиация келісімі жасалып, тараптар ымыраға келді. Қазірдің өзінде медиация саласы қарқынды дамып келеді. Қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыру үшін 2021-2022 жылдары ЖОО-ларда дебат ойындарын өткіздік. Биыл да дәстүрлі үрдісімізден жаңылмай қалалық мектептердің  дебат клубтары арасында таным байқауларын жиі ұйымдастыру күн тәртібінде, – деді орталық  басшысы.

«Заманауи мектептегі медиация және этномедиация» атты дебат ойынына Орал қаласындағы №4 мектеп-орталықтың «Азамат», №19 мектептің «Болашақ», №40 мектептің «Жебе» және Х. Доспанова атындағы №30 мектептің «Хиуаз қырандары» дебат клубтары сынға түсті. Сайыстың алғашқы кезеңінде медиация жайындағы сұрақтар экраннан ұяшық түрінде беріліп, қатысушылар белсенді жауап берді. Екінші кезеңде командалар арасында қызу пікірталас өтті. Дебат қорытындысы бойынша үшінші орынды «Хиуаз қырандары» мен «Жебе» дебат клубтары иеленсе, екінші орынды «Болашақ» дебат клубы қанжығасына байлады. Ал №4 ҚББМО-ның «Азамат» дебат клубы үздік деп танылып, жеңіс тұғырынан көрінді. Қазылар алқасының төрағасы, қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ның аға кеңесшісі Абухан Марданұлы жүлдегерлерді алғысхатпен  марапаттады.

Нұрым Ғұмар,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале