25.05.2023, 11:00
Оқылды: 70

Туған жер – темірқазық

 

Ауыл десе, ішкен асын жерге қоятын іскер де жанашыр азаматтар болады. Солардың  бірі де бірегейі – Асқар Шораев. Жуырда бас редактордың тапсырмасы бойынша фотограф Мәди Салықпен бірге Ақжайық ауданындағы Ілбішін ауылына аттандық. Мұндағы басты мақсат – Асқар ағаның кісілік келбеті, елге сіңірген еңбегі туралы жазу. Шыны керек, осы кезге дейін ол кісі туралы көп білмедім. Қажетті ақпаратты интернеттен іздеп таптым. Асқар аға Қазақстан комсомолы сиезіне қатысып, сол кездегі жалынды жастың бірі, кейін еліміздің тұңғыш Президенті болған  Нұрсұлтан Назарбаевпен дос ретінде араласа бастаған. Достық қарым-қатынастың нығаюына екеуінің де Қарағанды қаласында металлург болып еңбек еткені де әсер еткені сөзсіз. Оның үстіне Асқар Шораев – шаңғы және велоспорттан қазақ жастарының ішінен шыққан тұңғыш спорт шебері. Қазақстанның еңбек сіңірген  жаттықтырушысы.

IMG_0251

Ілбішін сапары мамырдың 18-іне белгіленді. Келіскен уақытта уағдаласқан жерде кейіпкерімізбен кездесіп, жолға шықтық. Ауылға жеткен бойда Асқар ағамыз туған ауылына кіреберіс жолды салуға атсалысқанын айтты.

Мұндай жақсылық жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Ілбішін ішінде келе жатқанымызда менмұндалап мәдениет үйінің төбесі көрінді. Ауылдағы басқа ғимараттардан ерекшеленіп тұрған клубты жөндеуге де Асқар Ишанұлы қолұшын созыпты. Мәдениет үйінің жанында күмбезі жарқырап мешіт тұр. Оны да біздің кейіпкеріміз  тұрғызған.

– Әкем соғысқа аттанған 1942 жылы мен үш жаста болдым. Ол майдан даласынан оралмады. Анам Зейнел әкеден қалған бір қыз, алты ұлды өзі тәрбиеледі. Ешкімнен кем қылмады. Ауылға мешіт тұрғызғанда оған анамның есімін беруді ұйғардым, – деді Асқар аға.

Ауылдың тақтайдай жолымен жүйткіген көлік бізді мектепке алып келді. Қадірменді қонақтың келетінін білген білім ошағының ұжымы кейіпкерімізді құшақ жая қарсы алды. Оқушылар да ауыл ақсақалына үлкен құрмет көрсетіп, жапатармағай амандасып жатты.

IMG_0288

«Музей ісі» үйірмесінің жетекшісі Эльмира Қайырғали бізді мектеп музейіне алып барды. Ауыл, мектеп тарихы арқау болған музейде Асқар Шораевқа арналған бұрыш та бар екен. Ол жерге ағамыздың түрлі марапаттары мен суреттері, ол туралы жазылған мақалалар жинақталған. Музейге кірген бетте көзім «Astana Pro team» велокомандасының шарфына түсті. Оның жанында атақты көпкүндік веложарыс картасы ілініпті. Музейде жүріп Асқар Ишанұлының «Тур де Франсқа» қатысқан облысымыздағы жалғыз адам екенін естідім.

– 3300 шақырымға созылатын 21 күндік веложарысты тамашалауға зайыбым Ләйләні ертіп бардым. «Astana Pro team» командасының шетелдегі жанкүйерлерін көріп, олардың біздің спортшыларға деген ықыласын байқадым. Бейтаныс адамдардың «Астана, Астана!» – деп жан-ұшыра қолдауы ерекше рух береді әрі еліңе деген мақтаныш сезімін тудырады, – деді Асқар  Шораев.

Кейін ауыл клубына барған Асқар Ишанұлы ілбішін-дік өрендермен кездесу өткізді. Басында оқушыларға Асқар Шораев туралы бейнефильм көрсетілді. Онда ағамыздың қаладағы орталық саябағы қоныстанған Шаған өзенінің арғы бетіне  веложол мен жастарға арналған шағын спорт қалашығын салғаны туралы айтылды. Одан соң оқушыларға өзінің өмір жолы туралы айтқан кейіпкеріміз оқушылар қойған сауалдарға жауап берді. Негізінен, оның еңбек жолы мен балалық шағы, спорттағы ғұмыры төңірегіндегі сауалдар қойылды.

– Анам менің спортқа деген құштарлығыма аса ықылас білдіре қоймайтын. Көз тиеді, көптің сөзі тиеді дегенге сенді. Сол себепті күндіз жаттығу жасауыма қарсы болды. Мен іңір түсіп, ауыл іші тынышталған кезде жаттығу жасайтынмын, – деді Асқар Ишанұлы.

Ақсақал ауыл маңындағы ой мен қырды есіне алды. Ілбішін жанындағы ескі көпірге дейінгі 2,5 шақырымды жүгіріп өтіп, Қарасуға шомылған кездерін айтқан Асқар ақсақалдың сөзінен ауылына деген сүйіспеншілігі мен оның болашағына деген алаңдаушылық байқалатын. Балығы тайдай тулаған Бақшасайдың сазанын шанышқымен түйреп, сайран салған кездері  де  оның  есіне  түсті.

Ресей Федерациясының аумағындағы қазіргі Новокузнецк қаласында өткізген жастық шағы мен Қарағанды, Теміртау қаласындағы еңбек жылдары туралы да Асқар  аға тебірене әңгімеледі. Оқушыларға ерекше әсер қалдырған кездесу соңында Асқар Ишанұлы болашағын спортпен, соның ішінде велоспортпен байланыстырған ұландарға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар металлург боламын деген өрендерге де қолдау көрсетуге  әзір  ол.

Сапар барысында ағасы жерленген зират басына барып Құран бағыштаған Асқар аға бала күнінен бірге өскен Қази есімді досының үйіне соғып, өткен-кеткенді еске алысты. Оның келгенін естіген ауыл адамдары да клубқа арнайы іздеп келіп, амандасып жатты. Мектеп  мұғалімдері бөлек кездесу ұйымдастырып, ел ағасына ілтипат көрсетті. Ауыл спортын дамытсам деген ағамыз мектептегі дене шынықтыру мұғалімдері мен бапкерлерге үлкен  үміт  артатынын  айтты.

Мұғалімдермен кездесу барысында Асқар Ишанұлы соғыстан оралмаған әкесін қалай іздегенін еске алды. 1943 жылдың күзінде ерлікпен қаза тапқан әкесін жылдар бойы іздеген Асқар ағамыз ақыры мақсатына жеткен. 40 жылдан соң әкесінің қайда жерленгенін тапқан ол қорымға барып Құран бағыштап, тағзым еткен.

Ұстаздарға Асқар ағаның Қарағанды қаласында 33 жыл бойы табан аудармай еңбек еткен металлургия комбинатындағы жұмысы жайындағы әңгімесі ерекше әсер етті. Сондай-ақ шаңғы, веложарыс жолындағы қызықтары мен бапкерлік өміріндегі оқиғалар да мұғалімдерге ұнады. Велоспорттан КСРО-ның бір халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындаған кейіпкеріміз ауыл балаларын жаттықтырып жүрген жастарға сәттілік тіледі.Өзі тұрғызған мешітке соқпай кетпейтін кейіпкеріміз Алла үйіне қажетті күтім жасалмай жатқанына налып, жергілікті әкімдікке ескерту де жасады.

– Менің еңбек жолым Арқа төсінде өтсе де, кіндік қаным осы жақта тамды. Шамам келгенше туған ауылыма көмек қолын соза беремін, – дейді Асқар Шораев.

Түгелбай Кенжеғалиұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале