25.05.2023, 12:31
Оқылды: 331

Жас кәсіпкерлерге арналған форум

Орал қаласындағы «Dombyra» мейрамханасының конференция залында өңірдегі жас  кәсіпкерлерге арналған «Business Wire Forum» іс-шарасы өтті. Форумды облыс әкімдігінің қолдауымен Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Shell Қазақстан» компаниясы ұйымдастырған. Жиынға еліміздегі ірі сауда желілерінің басшылары, жарнама сарапшылары, бизнес кеңесшілер қатысып, бизнес бастау туралы ойды жүзеге асыру, кәсіп бастағанда кездесетін алғашқы қиындықтар мен оларды шешу жолдары, бизнесті дамыту мәселелерін талқылады.

IMG_9725

Облыстағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында форум өткізіп отырған Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Shell Қазақстан» компаниясына алғыс айтамын. Кәсіпорындар әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұйымдастырып отыр. Бұл жиын өңіріміз үшін өте маңызды. Өйткені бүгінде орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көптеген іс-шара қолға алынды. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда мемлекеттік бағдарламалар аясында 150-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Оған 600 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Әсіресе кәсібін жаңа бастаған жастарға қолдау-көмек мол.  Мемлекет қолдауымен жүзеге асқан жобалар аясында кәсіпкерлер өнімдерін дайындап қана қойған жоқ, жаңа жұмыс орындарын құрды. Бұл форумның нәтижесінде де кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың қатары артып, бизнес идеяларын жүзеге асырады деп сенемін, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан  Сатқалиев.

IMG_9715

«Shell Қазақстан» компаниясы директорының әлеуметтік сұрақтар бойынша кеңесшісі Жұлдыз Ғалиақпардың айтуынша, «Business Wire» форумы елімізде 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Форум аясында ең алғашқы жиын да өңіріміздің Бөрлі ауданында өткен.

Кәсіпкерлер «Бизнес білім» бағдарламасы бойынша тренингке қатысып, екі ай бойы кәсіпкерлік курсын оқиды. Курста маркетингтік жоспар құру, SММ-ді меңгеру, бизнес жоспар құру, кадр  таңдау, оларды үйрету және ұжымды басқару секілді тақырыптар бойынша білімін жетілдіреді. Сондай-ақ нарықты зерттеу, бәсекелестерден басым болу, бизнесті цифрландыру туралы ақпараттар беріледі. 150-ге жуық  кәсіпкер оқытылады.

– Биыл «Shell» компаниясының Қазақстанға келгеніне 30 жыл болып отыр. Компания әлеуметтік жауапкершілік аясында келісімшарттық міндеттемелерден басқа, ерікті инвестициялар портфелін де іске асырады. Негізгі бағыт – шағын және орта бизнесті қолдау. Бүгінгі іс-шарада кәсіпкерлерге жоба-жоспарды дамыту жолдарын, табысқа жету үшін қандай қадамдар жасау керектігін үйретеміз және оларды «Shell Livewire» кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында іске асырылатын «Business Bilim» курсына қатысуға үндейміз, –  деді ол.

Форум барысында «Easy Tap» компаниясының құрылтайшысы Мағзом Төлеш кәсіпорынға қызметкер таңдаудағы негізгі талаптар мен бизнесті 0-ден бастауда кездесетін қиындықтарға тоқталды. «Easy Tap» – дүкендер мен мейрамханалардың негізгі қызметкері жұмысқа шықпай қалған жағдайда, орнына уақытша шығамын деген тәжірибесі бар адам табуға жәрдемдесетін сервис қосымшасы. Бұл жүйе жұмыс берушілерге де, қосымша  жұмыс іздеген жастарға да тиімділігін дәлелдеген. Сондай-ақ жиында «Qazaq Recycling» компаниясының директоры Виктория Горобцова, PR  кеңесші Ринат Балғабаев, БҚО ІТ ассоциациясы сарапшылар кеңесінің төрағасы Петр Лежников, «Салют Орта KZ» клиникасының директоры, кәсіпкер Геннадий Франк және кәсіпкер Антонина Есмағұлова мен жарнама сарапшысы Фирия Галиева тәжірибе бөлісті.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале