25.05.2023, 12:15
Оқылды: 107

Ақжайықта аламан бәйге өтті

Белгілі атбегі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, кәсіпкер-меценат Болат Әткеевтың 60 жасқа толуына орай Чапаевта ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Сердалин құттықтау сөз сөйлеп, Болат Кенжемұратұлына облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады.

55

Айтулы дала қызықтарына Ресей Федерациясы, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және  Батыс Қазақстан облысынан шабандоздар мен палуандар қатысып, бәйге, асау үйрету, арқан тартыс, қазақша күресте бақ сынады.

Сонымен қатар шараға жиналған тұрғындар пен қонақтарға республикаға танымал өнер жұлдыздары, атап айтсақ, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, әнші Наркенже Серікбаева мен аудан көркемөнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Тартыс өткен ойын қорытындысында құнан бәйгеде (6 шақырым) Қайсар Сырлыбайдың «Жүлдегер» атты тұлпары (Ақтөбе қаласы), топ бәйгеде (15 шақырым) Марат Өтеповтің «Кубасы» (Атырау қаласы), 27 шақырымға созылған аламанда Аман Атаковтың «Миранасы» (Ресей федерациясы) бәрінен бірінші келді. Асау үйретуде Сырым ауданының шабандоздарына тең келер ешкім болмаса, Нұрымжан Ғаббасов (Сырым ауданы) түйе палуан атанып, арқан тартыстан Қарағай ауылы (Ақжайық ауданы) І орын алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар және қаржылай сертификатпен марапатталды. Аламан бәйге жеңімпазына су жаңа автокөлік табысталды.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале