Санаулы күндерден соң маусым айы басталады. Жазғы демалыс. Бұл балардың қауіпсіздігіне де аса көп уақыт бөлетін кезең. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өзінің instagram парақшасында ата-аналарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Фото: БҚО төтенше жағдайлар департаментінің instagram парақшасынан
- Құрметті ата-аналар! Міне, балалардың жазғы демалыс мезгілі де жақындап қалды. Алда қызықты шаралар, әдемі эмоцияға толы демалыс уақыты тұр. Балаларымыздың бос уақыты көбейеді. Мұның бәрі жақсы ғой. Алайда кәмелетке толмаған балаларымызға қатысты түрлі оқыс оқиға да кездесіп жатқаны туралы ақпарат алып отырмын.
Өткен жылдардың тәжірибесіне қарасақ, күнделікті өмірде, жолда, суда өзін-өзі ұстау ережелерін білмегендіктен немесе сақтықты ұмытып, балалардың терезеден, биіктен құлауына да жол беріп жатамыз.
Қауіпсіздік шараларын сақтамау, немқұрайлылық, ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі – балалардың өміріне, денсаулығына үлкен қауіп төндірі отыр.
Бала – біздің барымыз! Сондықтан олардың қауіпсіздігі үшін барынша сақ болуға шақырамын!
Ең алдымен, құрметті ата-аналар, балаңыз қауіп пен қатердің қай тараптан келетінін түсінуі керек. Әр жаста, әр кезеңде қауіптер де әр түрлі. Ал есейген сайын қауіп саны артып, мәні де өзгеріп отырады.
Үйде және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, балаларыңыздың қауіпсіздігіне баса мән беріңіз.
Балаларды қауіпсіз мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу аса қажет. Өртке, газға, суға, тұрмыстық химияға, дәрі-дәрмекке абай болуды, сондай-ақ бейтаныс адамдармен, құрбы-құрдасымен қарым-қатынас кезінде сақтық танытуды өз мысалыңызбен көрсетіңіз. Интернетте баланы тосып тұрған виртуалды қауіптер туралы да ұмытпаңыз.
Кәмелетке толмағандар кешкі (түнгі) уақытта ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің қадағалауынсыз үйден тыс жерде жүруіне болмайды, осы талаптың сақталуына ерекше назар аудару қажет.
Балаңызбен ашық сөйлесуге әрдайым уақыт бөліңіз. Есіңізде болсын, бұл сәттер сіздің балаңыздың денсаулығын сақтауы, кейде тіпті өмірін құтқаруы мүмкін.
Ойламаған жерден оқыс жағдайға тап болмас үшін балаларға әр жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігін алдын ала үйрету керек. Сондай-ақ, басқа балаға қауіп төніп тұрғанын көрсеңіз, бей-жай қалмауыңызды сұраймын, - делінген парақшадағы жазбада.