30.05.2023, 10:00
Оқылды: 45

Түйткілді мәселелерді халықпен бірге талқылады

Өткен жұмада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Облыс орталығындағы өндірістік орындарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Ведомство басшысымен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев және әкім орынбасары Тілепберген Каюпов жүрді.

Министр Карабаев (2)

Әуе айлағы жаңғыртылады

Министр облыстың көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың жай-жапсарымен танысты. Алдымен, әуежайда «Орал холдинг» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Михаил Берман, әуежай директоры Рустам Бектеміров әуежайды дамыту бағдарламасының «тұсаукесерін» жасады. Әуежайды дамыту тұжырымдамасында әуежайды техникалық жағынан қайта жабдықтау, қайта құру, мамандар қатарын толықтыру, жолаушылар және жүк тасымалдарын дамыту жайы қарастырылған. Әуежайдың қожайындары ауысқалы бері бірқатар шаруа атқарылған. Механизация құрылғылары мен 17 бірлік техника алынған, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және оқыту қолға алынған. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялармен жаңа рейстер ашу бағытында келіссөздер жүргізілуде.

2023 жылдың 3 айында әуе айлағы 28 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетті. Бүгінгі таңда ішкі авиарейстер 5 бағытта қатынайды. Халықаралық авиарейс ұшақтары Орал – Франкфурт, Орал – Шарм-эль-Шейх бағыттары бойынша ұшады. Қазіргі кезде Түркістан және Египеттің Шарм-эль-Шейх шаһарларына жаңа рейстер ашылды. Анталия қаласына да тіке ұшуға мүмкіндік бар. Биыл жолаушылар ағыны 400 мың адамға дейін өседі деп күтілуде. Жүк тасымалының әлеуетін арттыру үшін жүктерді өңдеу логистикалық орталығын толыққанды етіп құру мәселесі қарастырылуда. Жүк терминалы құрылысымен қатар перронды және ұшу-қону жолағын қайта құру да көзделген.

– Қазір Орал әуежайының басты мәселесі – перронның жайы. Оның жағдайына байланысты орташа қашықтыққа ұшатын ұшақтарды шектеусіз қабылдай алмаймыз. 2023 жылдың мамырынан бастап қауіпсіздік мақсатында ұшақтарды сүйрету тәсілін енгіздік. Жақын арада перронды қайта құруды жобалауға кірісеміз, келесі жылы қайта құруды бастаймыз. 3 миллиард теңге деген  – өте қомақты қаржы. Сондықтан перронды қалпына келтіруге кеткен қаржыны мемлекет өзімізге қайтарады деп сенеміз,  – деді М. Берман.

Министр қай мемлекетте болмасын көлік жүйесі экономика мен әлеуметтік салаларды дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында көлік жүйесі жылдан-жылға кеңейіп, өңірдің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы үшін жаңа көкжиектерге ұмтылу байқалатынын айтты. «Орал – Қазақстанның батысындағы көп ғасырлық тарихы бар қала. Сондықтан тарихи һәм рухани құндылықтарды сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстау – алдымызда тұрған маңызды міндет», – деді Марат Қарабаев.

Өндіріс көлемі 1,4 есе өсті

Іссапар аясында  министр 2012 жылы негізі қаланған «Орал трансформатор зауытының» жұмысымен танысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның өндіріс көлемі 14,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,4 есе көп. Бүгінгі таңда өндіріс ошағында 250 адам жұмыс істейді. Заманауи кәсіпорын қосалқы стансаның барлық электр жабдығын шығаратын жеке өндірісінің болуымен әрі электр энергетикалық жобаларды іске асыру бойынша тауарлар мен қызметтердің толық спектрін ұсынуымен ерекшеленеді. Зауыттан шығарылатын өнімдердің өзіндік артықшылықтары да бар. Ондай артықшылыққа тауарлардың әлем  стандарттары мен талаптарына сәйкес келуі, трансформаторлардың жоғары сапасы, қолжетімді және бәсекеге қабілетті бағасын ерекше атап өтуге болады.

Компания экспортқа бағытталған электр жабдықтарын өндіреді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ресей Федерациясына 6 млрд теңгенің күштік трансформаторлары экспортталған. Дамуды ойлайтын компания итальяндық «SIGME» фирмасының жабдығында дөңгелек қимасы бар эмальданған алюминий сымдарын шығаратын цех құрылысы жобасын жүзеге асырғысы бар. Трансформатор өндірушілердің орташа жалақысы 205 мың теңге шамасында. Компания 2020 жылы мемлекеттен кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 950 млн теңге көлемінде қолдау-көмек алды. Екі жыл бұрын инвестициялық келісімшарт аясында ҚР Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитеті арқылы заттай грант алды.

Жұмыс тобы құрылады

Облыстық мәслихаттың үлкен залында М. Қарабаев батысқазақстандықтармен кездесті. Тұрғындармен кездесуде ведомство басшысы министрліктің құзырына кіретін басым салалар бойынша, оның ішінде өңірге қатысты қойылған сұрақтарға барынша ашық әрі нақты жауап берді.  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жол және тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, көлік-логистикасы, жер қойнауын игеру, өнеркәсіп өндірісі, көлік қатынасы сынды еліміздің экономикасындағы жүйе құраушы салалар қарайды.  Еркін форматта өткізілген кездесуде бірқатар өзекті мәселе айтылды. Мәселен, «Кублей» компаниясының өкілі  2020 жылы зауыт жанынан бірнеше тұрғын үй құрылысы басталғанын, қазір оның біреуі пайдалануға берілгенін әңгімеледі. Алайда салынған баспана кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағына еніп кеткен. Демек, тұрғын үй кешені құжат жүзінде заңдастырылған жағдайда онда санитарлық қорғау аймағының өлшеміне сәйкес 100 метрден жақын, не бары 32 метр жердегі зауыт жабылуы тиіс. «Ал мұндай жағдай орын алса, өндірістегі  қызметкерлері жұмыссыз қалады әрі таяу маңдағы шаруалар табыс көзінен қағылады. Санэпидемиологтар санитарлық қорғау аймағы сақталмаса, зауыттың жұмыс істеуіне рұқсат бермейтіні белгілі. Кәсіпорында 700 адам еңбек етеді. Күніне 70 тонна қалбырдағы өнім шығарады.  Өңірдегі 300 шаруа қожалығы өнімдерін өңдеуге «Кублейге» өткізеді. Ұжымдағылар ҚР Парламенті Мәжілісіне және ел Президентіне Орал қаласы әкімдігінің іс-әрекетіне баға беретін ведомствоаралық комиссия құруды сұрап хат жолдаған. Өндіріс орнына жабылу қаупі төніп тұр. Зауыт маңынан салынған үйлерде қазір 250 отбасы тұрады. Біз үйлерді бұзу туралы мәселе көтермейміз. Зауыт жұмыс істеуі үшін  оған барлық заңды негіз болуы керек», – деді «Кублей» ЖШС зауытының өкілі, заңгер, ҚР Мәжілісінің сот-құқықтық және заңнамалық реформалар комитетінің сарапшысы Евгений Прицкер. Осыған байланысты «Кублей» ЖШС жұмыс тобын құрып, министрліктен мәселенің түйінін тарқатуға қолғабыс етуді сұрады.

Министр мұндай түйткілді мәселенің еліміздің басқа да өңірлеріне тән екенін айтты. Мысалы, Алматыда қағаз өңдеу комбинаты маңына тұрғын үй  салынған. Басында бәрі жақсы болғанымен, кейін тұрғындар өндірістегі шу мен иістің қолайсыздығына шағымданған. «Кезінде мемлекет бизнеске кедергі жасамау үшін біршама артықшылық берді. Көптеген рұқсат құжаты алынып тасталды. Осылайша кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтты. Өз кезегінде бизнес субъектілері өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды деген сенім болды. Қазір құрылыс жүргізуге рұқсат қағаздың қажеті жоқ. Тек кәсіпкер құрылысты бастайтыны жөнінде алдын ала ескертеді. Бұл ретте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының тексеру жұмыстарын жүргізуге құқықтары шектеліп қалғанын ескеру қажет. Енді осы құзыреттің барлығы қайтадан жанданады. Бұдан былай 5 қабатты ғимараттан бастап, 600 орынға шақталған мектептің құрылысына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізілетін болады. Мұның бәрі халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынады. Бұған қоса мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының қызметіне байланысты «Шұғыл іс-әрекет ету шаралары» ұғымын енгізіп отырмыз. Бұл жоғарыда айтылғандай, түйткілді мәселелерді болдырмау үшін қажет», – деген Марат Кәрімжанұлы осы мәселеге байланысты жұмыс тобын құру бойынша бастамасын қолдады. Мұндай топтың құрамына   Экология, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері, «Кублей» ЖШС технологтары кіреді деп шешілді. Арнайы жұмыс тобын құру бастамасын   өзге де кәсіпкерлер қолдады. Кәсіпкер Мұрат Жәкібаев кәсіпкерлердің жергілікті билік тарапынан қаланың индустриалды аймақтарында тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беріп, соның салдарынан өндіріс орындары мен тұрғындар арасында мүдделер қақтығысы туатынын айтты.

Жолдардың «жыры» біте ме?

Кездесуде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов өңірдегі аутожолдардың жөнделуіне байланысты сауалдарын жолдады. Оның ішінде Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдың сапасы жергілікті халықты толғандырып отырған негізгі мәселелердің қатарында. Өз кезегінде ИИДМ басшысы бұл бағытта Үкімет тарапынан барлық қажетті жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Тек бұл тұста жергілікті атқарушы құрылымдар және қоғамдық ұйымдар бірлесіп, мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейту керек екен-дігі айтылды.

– Былтыр Батыс Қазақстандағы жолдардың құрылысына 42 млрд теңге бөлінді. Мұндай қомақты қаржы бұған дейін бөлінген емес. Биыл 66 млрд теңге, бұрынғыдан 1,5 есе көп бөлінді. Үкімет қажет көлемде қаржы-қаражатты бөліп отыр. Тиісті комитеттің төрағасы шалғайдағы «Жәнібек – Қазталов» жолының құрылысын қарайды. Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылына дейінгі 21 шақырым жол салу мәселесін пысықтап, мердігерді анықтап, жолды саламыз. Құрылыс саласында былтыр жалға берілетін үйлерді салуға қаржы бөлінбеген. Биыл 178 пәтер пайдалануға беріледі және оған тиісті қаржы бөлінеді. Инфрақұрылым тартуға тиісті қаржы, соның ішінде су жеткізу құрылысына  республикалық бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінді. Енді жергілікті атқарушы құрылымдар біздің министрлікпен бірлесіп, құрылыс жұмыстарының орындалу барысын қадағалауға тиіс. Сондықтан аутожол жобаларының тиімді және уақтылы іске асырылуын бірге бақылайық,  – деді М. Қарабаев. Министр Өнеге – Бисен – Сайқын учаскесі мен Жәнібек – Қазталов бағытындағы тасжолдың жөнделуіне қаражат бөлінгенін нақтылады.

«Бізге жетпейтін битум көлемі 300 мың тоннадай.  Осы уақытқа дейін Ресей Федерациясынан 100 мың тоннаға битум әкелуге квота алдық. Соның 70 мың тоннасы әкелінді, БҚО-ға 2 мың тоннасы беріледі, сұраныстың 30%-ы өтеледі. Қосымша тағы 200 мың тонна сұрап отырмыз. Битум жетіспеушілігі бар»,  – деді министр.

Рейстер аз, пойызға билет жоқ

 Кездесуде облыс тұрғындары министрден әуе қатынастарындағы ұшақ тапшылығы мәселесін шешіп беруді өтінді.  Облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов Оралдан Алматы мен Астанаға рейстің аздығын айтты. Оның үстіне  рейстер қолайсыз уақытқа – таңертең ерте немесе түнде болады. Ал әуе билеттері Атырауға қарағанда 20-40 пайызға қымбат. Министр ішкі бағыттағы ресурстардың тапшылығы мәселесімен тиісті ведомстволар айналысатынына уәде берді. «Баға саясатына келетін болсақ, бұл сала мемлекеттік реттеуге жатпайды. Бағаға бірнеше факторлар әсер етеді. Әуе компаниясы мен әуежай шығындарын қоса алғанда, орындалған рейстер саны да бағаның қалыптасуына әсер етеді. Оралдан жолаушылар аз қатынайды, содан да баға қымбат», – деп түсіндірді Марат Қарабаев.

министр (3)

Орал әуежайынан аптасына 29 рейс орындалады. Ұшақтар екі халықаралық бағытта (Шарм-эль-Шейх,  Франкфурт),  бес ішкі бағытқа (Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан) қатынайды. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегенов әуе компанияларына қай қалаға ұшу керек екендігі жөнінде нұсқау   бере алмайтындарын атап өтті. Компаниялар жолаушылар ағынының көлеміне қарай бағыттарды ашу туралы шешімді өздері қабылдайды.

– Қазір Оралдан Түркістанға рейс бар. Оның тиімділігі төмен. Сондықтан мемлекет бұл бағытты бюджеттен субсидиялайды. 31 мамырда жиын өткізіп, Оралға ұшатын төрт авиакомпанияның өкілдерін, облыс әкімдігі мен мәслихат қызметкерлерін шақырып, әуе компанияларының бағыт желісін кеңейту жоспарын бірге талқылаймыз.  Қазір Қазақстанда ұшақ тапшылығы бар. Ұшақ жетіспегендіктен, рейс те аз. Екінші мәселе – жолаушылар ағыны. Жолаушылар ағыны көп қаладағы рейстер санын көбейту экономикалық тұрғыдан негізделген. Оралда рейстерде мұндай жолаушылар тасқыны жоқ, – деп түсіндірді Тимур Тілегенов. Төрағаның орынбасары қазір Атыраудан Алматы мен Астанаға әуе билеттерінің арзандауының себебі екі шаһарға да рейстер көптігінде екенін баса айтты. «Экономикалық ережеге сәйкес рейс неғұрлым көп болса, әуе билетінің бағасы соғұрлым төмен болады», – деді ол.  Сондай-ақ министрлік өкілінің ақпаратына сүйенсек, авиакомпаниялар өткен жылы қосымша 14 жаңа ұшақ сатып алған. «Биыл тағы 13 ұшақ сатып алу жоспарланды. Бүгінде үш ұшақ әкелінді. Оралға рейс санын бірден көбейту қиын. Өйткені оған ұшақтар керек, ал олар қымбат. Біреуі 80-100 миллион доллар тұрады. Компаниялар ұшақтарды бірден үлкен көлемде сатып ала алмайды, – деп түсіндірді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары. Сондай-ақ ол Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайы иелерінің арасында ресейлік инвесторлардың болуына байланысты Қазақстанға екінші реттік санкцияларды қолдану қаупі мүлдем жоқ екенін айтты. Өйткені акциялардың бақылау пакеті Қазақстан азаматтарының қолында – 51%, ресейлік инвесторларда – 49%.

Өңір тұрғындарын пойыздарға билеттің жоқтығы алаңдатады.  Министрлік өкілдерінің айтуына қарағанда, Оралға 15 пойыз қатынайды.   Вагон жетіспеушілігі бар, бірақ қосымша пойыз қосылмайды. Министр бұл мәселені «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығымен сөйлесіп, шешу жағын қарастыратынын айтты.

Бұдан бөлек М. Қарабаев облыс тұрғындарын жеке мәселелеріне байланысты қабылдады. Ведомство басшысымен кездесуге 5 адам жазылып, азаматтар өңірдегі аутожол құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды заңсыз тарту, жер қойнауын игеруге байланысты талаптарды сақтау, сол секілді Орал қаласындағы теміржол торабының жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелерді көтерді. Өз кезегінде министр заң нормаларына сүйене отырып, қойылған барлық сұраққа тұшымды жауап қайтарды.

Oтандық кәсіпорын – ел мақтанышы

Министр «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» зауытында болды. Зауыт музейіндегі жәдігерлермен танысты. Акт залындағы кәсіпорынның 50 жылдық мерейтой кешіне қатысып, ұжымды құттықтады.  «Батыс Қазақстан машина жасау  компаниясы мемлекеттік меншіктен жеке меншікке табысты өткен кәсіпорынның үлгісі» деп баға берді  ведомство басшысы. Сонымен қатар министр зауытты дамытудағы ұжымның, инженер-техник мамандардың, құрылтайшылардың еңбектерін атап көрсетті. «Кәсіпорынды сақтап қана қоймай, қару-жарақты әлемдегі ең озық деңгейге жеткізді. 5000 конструкторлық өзгеріс енгізе отырып, әйгілі «Утес» пулеметін отандық қорғаныс кешенінің мақтанышына айналдырды»,  – деді министр.

Мерейтой кешінде компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Әліби Ахметжанов әріптестерін құттықтап, алдағы жылдары атқарылатын шаруа, жоба-жоспар көп екенін тілге тиек етті. Әскери техника өндірісі бойынша әскерді заманауи қарумен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуде. Өндірісте мұнай-газды дайындауға, тасымалдауға арналған және энергетикалық жоғары технологиялық жабдықтарды,   күрделі металл құрамаларын, құрылыс техникасын, атыс қаруы мен оқ-дәрілер өндіріледі. Бұл зауыт Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі болып табылады. Құбырлардағы мұнайды жылытатын пеш, мұнайды тасымалдауға дайындайтын аппарат өндірісі толықтай игеріліп, Ресейден, Украинадан импортталатын өнімдердің жолы кесілген. 2011 жылдан бастап компания «General Elec-tric» компаниясымен газ компрессорлық қондырғыларды жөндеу бойынша қызметтерді көрсетуде тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Компанияда  біліктілігі жоғары 830 қызметкер жұмыс істейді. Жоғары технологиялық заманауи өндірістік кешенде дайын өнімдер мен қолданылатын материалдардың сапасын бақылайтын сынақ орталығы бар. Зауыт – Қазақстандағы атыс қаруын сынайтын жалғыз аккредиттелген орталық.

Жиында «Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен зауыт жұмысшылары Александр Савин, Павел Алехов және қызметкерлердің бір тобы  аталмыш министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев компания ұжымын мерейтоймен құттықтап, бір топ жұмысшыға облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті. «Еліміздің қорғаныс саласынан мемлекеттік тапсырыстардың түсуі зауытқа деген қамқорлықтың көрінісі іспетті. Кәсіпорынның келешегі кемел, бүгінде суландыру технологиялары жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына қажетті техника түрлерін шығару жоспарланған. Біз осындай ерекше өндірісті мақтан етеміз және жергілікті атқарушы құрылым әрқашан қолдау көрсетеді. Сіздер өз еңбектеріңізбен елдің, өңірдің экономикасын дамытумен қатар, мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырудасыздар», – деген Ержан Талғатұлы ұжымға облыс әкімі атынан кәдесый тарту етті.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале