Кейінгі кезде Самара - Шымкент халықаралық күре жолының Сырым ауданы аумағындағы бедері әбден бұзылды. Шалқыған жүріс қалған, шұңқыр айналып жүргенің. Апандай ойықтар апатқа да себеп болып отыр. Бір-екі жыл бұрын шұңқырға таяп шұғыл тежегіш басқан жүк көлігінің артына «LADA Granta» келіп соғылып, қайғылы жағдай болған-ды.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов жаңа лауазымдағы бірінші жұмысын нөмірі бірінші мәселе - жолдан бастады. Кеше облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Минеев және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысындағы филиалының басшысы Қазыбек Мамбетовпен республикалық трассаның ала-топалаң болып жатқан учаскесі - Ақырап пен Қызылағаш ауылының ортасында кездесті.
- Жол - тіршілік тамыры. Біреу сапарлайды, біреу жолаушы тасымалдап, нәпақа табады. Бізге оның қауіпсіз болғаны керек. Жауапты мекеме ретінде халықтың мүлкі - жолдың сапасын бақылауда ұстасаңыздар. Ақаулардың уақтылы жөнделгені керек!, - деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Осыған дейін қоғам белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары бұл мәселені «ҚазАвтоЖол» АҚ назарына бірнеше мәрте ұсынған. Қазіргі таңда Самара - Шымкент магистралінің 330-бен 408-інші шақырымы аралығында шұңқырлар бітеліп жатыр. Бір қызық ақпаратты айтайық, бұл аралық үш жыл бұрын ғана орташа жөндеу көрген. Нысан 2020 жылы тапсырылған. Алайда, қазір жұрттың табанында тоз-тозы шыққан трасса қалды. Қырсыққанда, жөндеудің кепілдік мерзімі де өтіп кеткен.
- Республикалық дәліздің Сырым ауданындағы аумағы тағы да орташа жөндеуді талап етіп тұр. Бірақ, ендігі жерде жолдың негізін цементпен қатайтпаса болмайды. Қаржысы аз болмайды.
10 мамырда шұңқырларды бітеуді бастадық. Жолда көлік ағыны көп. Жүк көліктерінде қисап жоқ. Жұмыстың жедел бітуіне кедергі болады. Бірақ, жолшылар мүмкіндігінше ыңғайлы, қауіпсіз етуге тырысып жатыр. Шілде айының аяғына дейін 78 шақырым жолдың ойығын жабамыз, - дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның өңірдегі өкілі Қазыбек Мамбетов.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Еуропа мен Азияны қосатын күретамыр трассаның бизнес үшін де зор игілік екенін атап өтті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Фотоға түсірген: Айжан Амангелдина
zhaikpress.kz