Иә, ақын інім Бауыржан Мырзахметұлымен биыл телефонмен хабарласып танысқан едім. «Таумен тау кездеспейді, адам адаммен кездеседі» деген қазақ мақалы дұрыс екен. Жақында Ақтөбе қаласында Бауыржанды көру, әрі көзбе-көз сырласу мүмкіндігі туды. Ақыры, 1 мамыр - ынтымақ күні кездестік. Бауыржан інімді, нақтырақ айтсам әкесін Мырзахмет Құрманқұловты Сырым ауданында «Қызыл ту» (қазіргі «Сырым елі») газетінде істеген сәттен білетін едім. Ол әуелі «Тасқұдық» кеңшарында трактор бригадасының бригадирі болып еңбек етті. Соңынан «Жосалы» кеңшарына жұмысқа ауысып, Кеңащы бөлімшесінің меңгерушісі болды. Штабтан тыс тілші ретінде редакцияға жиі хат жазып тұрды. Соңынан бұл қатарға оның баласы Бауыржан қосылды. Ол кезде мектепте оқушы болса да әңгіме, мақалаларын, өзі шығарған өлеңдерін жіберетін-ді.
Әңгімелесу – сырласу бір сағаттан асты. Мырзахметті жолдасымен зейнет жасына жетіп, қартайған кезде Бауыржан Ақтөбеге көшіріп алған екен. Баласының айтуынша, Мырзахмет 1988 жылы, зайыбы 1999 жылы Бауыржанның қолында дүние салыпты.
- Әкем жас кезінде жақсы оқыған екен. Әкемнің 1947 жылы он жылдық мектепті бітірген аттестатын тауып алдым. Барлық пәннен «5» деген баға, тек математикадан ғана төрті бар. Жоғары оқу орнына түскен. Бірақ жағдайы келмей, соғыс басталғасын оқуды тастап кетіпті. Сол кезде жоғарғы оқу орнын бітіріп, мамандық алса, үлкен бір ірі қызметтерде жүрер ме еді деп ойлаймын, – дейді Бауыржан.
Мырзахмет Құрманқұлов өзінің еңбекқорлығы, жауапкершілігімен тапсырылған істі жеріне жеткізіп орындауының арқасында халықпен де, шаруашылық басшылығының да көңілінен шықты, мақтаулы азаматтардың бірі болды деп айта аламыз.
Шүкіршілік, баласы да әке аманатына адал болды. Бүгінде сегіз баланың әкесі. Бауырларына қолдан келген көмегін, ақыл-кеңесін аямайды. Өз балалары да үйленді, қыздары тұрмысқа шықты. Жоғары милициялық мектепті бітіріп, облыстық полиция басқармасында тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып көп жыл жұмыс жасап зейнеткерлікке шыққан. Соңынан ҚазМУ-де оқып журналистік мамандық та алған. Бірақ өзінің бойына біткен ақындық шығармашылығын тастамаған, жетілдіріп жаңа қырларынан танылып, бірнеше өлең жинағын оқырманға ұсынған. Соның біреуін арнайы тілектестігін білдіріп, маған ұсынды. Ол жинағы «Беу, дүние-ай!..» деп аталады екен.
- Осы өлеңдер жинағымды Сырым елінің құрметті де қадірлі азаматы, байырғы журналист, әкемнің көзін көрген Қуанышқали Ғұсманов ағамызға үлкен құрметпен ұсынамын, – деп Бауыржан өзінің қолын қойыпты.
Ол бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары екен. Бауыржан Құрманқұловтың «Беу, дүние-ай!..» өлеңдер жинағы 2014 жылы Ақтөбе қаласында «А-Полиграфия» баспасында басылып шыққан. Автор «Тағдырыма ризамын» деп алғы сөз жазыпты. Онда былай дейді:
- Мені де ақын ретінде біреулердің іздейтіндігіне разымын. Аллаһ тағала ақындық талант бергеннен кейін, өлең жаздым. Жазғандарым мына өмірде біреулерге керегі болса, бәлкім, ахиретте де сауабы болар, - деп ақындық ақ көңілін білдіреді.
Кітап «Беу дүние-ай!...» деген сексендегі қарттың толғауымен басталып, «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Ескі дәптер», «Жүректегі жазулар», «Отбасы, ошақ қасы» деген тақырыптарда өлеңдері топталған.
Қуанышқали Ғұсманов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Бөрлі ауданы