1.06.2023, 11:00
Оқылды: 29

Бопсалауға бола ма?

Аудандық мәдениет үйінде білім беру мекемелеріндегі кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылықтың, бопсалаушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында семинар өтті.

IMG-20230601-WA0058

Шараға аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, аудан прокуроры Нартай Байменов, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Жанболат Мурзашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтары, әлеуметтік педагогтер, прокуратура мен ішкі істер органдарының қызметкерлері, білім беру бөлімінің әдіскерлері мен 8-11 сыныптар арасынан барлығы 258 оқушы қатысты.

IMG_8774

Семинарда алғаш болып аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев пен аудан прокуроры Нартай Байменов сөз алды.

Нартай Елібайұлы құқық қорғау органдарында балалардың құқығын қорғау, балалардың өміріне қол сұғылмаушылық басты орында екенін айтты.

– Мектептерге бейнебақылау камералары орнатылуы, күзетшілерімен қамтылуы – назардағы жайт. Қыркүйек айына дейін бейнебақылау камералары орнатылып болады. Мектеп пен балалармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін оқушылар арасында жиі  байқаулар ұйымдастырылуда. Бүгінгі шараның мақсаты – заңды түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу.  Балалардың жақсы өмірге қадам басуына үлес қосып, не нәрсеге рұқсат, не нәрсеге рұқсат етілмегені туралы түсінік бермекпіз,- деді.

Артур Мұратұлы әлеуметтік желіден жиі көретініміздей, кәмелеттік жасқа толмаған  жастар қылмыстық іс-әрекетке барып жатқанын айта келіп:

–  Төбелес, есірткі секілді жағымсыз әрекеттер заңмен жауапкершілікке тартылады.  Балалардың қылмыстан бойын аулақ ұстап, бос уақытын тиімді өткізудің алғы шартының бірі – спортпен шұғылдану. Біздің аудан спорттық инфрақұрылым бойынша  бірінші  орында тұр. Биыл Өлеңті ауылында  спорт алаңы салынуда. 2024 жылы Өлеңтіде мәдениет үйі салынып, жанынан қосалқы күрес залы салынады. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте де спорт алаңы салынбақ. Қазір мемлекет балаларға арналған субсидия беріп жатыр. Сырым ауданында осы жаңа бағдарламамен бастама көтеріп жатырмыз. Баскетбол, күрес, шахмат секілді спорт түрлері маусым айында жұмысын бастап, балаларға тегін үйретіледі,- деді.

Семинарда «Позитивті ойлау – денсаулық негізі» тақырыбында  аудандық орталық аурухананың психологы Айнагүл Бабашева сөз сөйлеп, адам өз ойымен, сезімімен денсаулығына әсер ете алатынын,  жаман ойлармен  ауру шақырса, жағымды ойлар өмірімізге жағымды жайттарды тартатынын айтты.  Психологтың мәлімдеуінше, позитивті ойлау өткенге және бүгінге оң баға беріп, болашаққа оптимистік болжаммен, табысқа деген сеніммен қараған адам ұтады. Зиянды сөздерден гөрі жақсы ой тудыратын сөздерді үнемі айтып жүру керек.  Адам өзін жақсы көріп, бағаласа, ақылды, әдемі, сау болады. Барлығына ризашылықпен қарап, өмірді бағалы сыйлық ретінде қабылдауы қажет.

Теолог маман Абдулвахид Бабаханов «Жастардың діни сауаттылығы және қазіргі қоғам» тақырыбын тарқатты.  Дін саласында көшеде жүрген адам насихат жүргізе алмайды. Діни бірлестіктің қызметкерлері ғана жүргізе алатынын көп адамдар біле бермейді. Қоғамымыздағы теріс ағымдағы дінді ұстанушылар ең алдымен мемлекетке, заңымызға қарсы шығады. Олар біздің заңды исламға қайшы, мемлекет басындағыларды ислам дінін ұстанбайтын дінсіз адам деп қабылдайды. Сол себепті қоғамнан оқшаулана бастайды. Дін бізге Тәуелсіздік алғаннан кейін келді деп сенушілер бар.  Бұл да – теріс ағымдағылардың көзқарастарының бірі. Тарихқа үңілсек, дін – 30 жылда  келген емес, ғасырлар бойы қалыптасып, ата-бабаларымыздың, зиялыларымыздың ұстанған жолы. Руханиятқа қатысты білім алғымыз келсе, тек қазақ зиялыларын ғана оқып, дін туралы білім алғымыз келсе, тек діни басқарманың діни қызметкерлерінен ғана үйренуіміз қажет.

Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтау туралы  ақпарат берген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мирас Наримановтың айтуынша, тыйым салынған орындарда суға түсуге, су жағасында балаларды жалғыз қалдыруға, орнатылған қалтқыдан асуға, қайықтың ернеуі мен тұмсығына отыруға, үрленген жүзу құралдарына сенім артуға, тайыз немесе тереңдігі белгісіз жерде сүңгуге болмайды. Суда жүзу үшін қолдан жасалған құралдарды пайдаланбау керек. Дене қызуының күрт төмендеуі қан тамырларының бірден жиырып, талып қалуға әкеп соғады. Шомылуды желсіз, ашық ауа райында бастаған жөн. Ауа температурасы 20-25 градус,  судың температурасы 17-19 градустан кем болмағаны ләзім. Жүзу білмейтін адам белден асатын тереңдікке бармауы керек. Суға жалғыз шомылуға, тамақ ішкеннен бірден және мас күйде түсуге болмайды.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатырған жұмыстар мен өзекті мәселелер, алда тұрған мақсат-міндеттер» тақырыбында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Жанболат Мурзашев сөйледі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында мектептерге полиция инспекторлары бекітілді. Бүгінде мектеп оқушылар арасында бопсалау, зорлық көрсету, бөгде біреудің мүлкін иелену, жасы кішкентайларға әлімжеттік көрсетіп, ақша сұрау кездеседі.  2023 жылдың бес айы ішінде Сырым ауданының мектеп оқушылары арасында 1 бопсалаушылық фактісі тіркеліп, қылмыстық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Аталған қылмыс Алғабас ауылының оқушылары арасында  орын алды.  Екі жақ татуласып жағдайда да, қылмыс жасаған оқушылар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі есепке  алынып, Сырым ауданы әкімі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясына салынып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық  кодексінің 127 бабымен жауапкершілікке тартылады. Есепке қойылған соң, алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың болашағына үлкен кедергі болады.

Семинар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылықтың, бопсалаушылықтарды алдын-алу бағытындағы түрлі видеороликтер көрсетіліп, Жымпиты халық театры  «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбындағы көріністі сахналады.

Семинарды  аудан прокуроры Нартай Байменов қорытындылап, кәмелетке толмағандар қылмыс жасаса, балалар колониясына жабылатыны немесе ата-анасы жауапкершілікке тартылатыны, өмірлік қиыншылықтарға төзе білу, жүрекке қаяу салатын нәрсе туралы бөлісу, біреудің мүлкін немесе ақшасын тартып алудың бес минуттық қызығы ғұмырлық қиындыққа әкеп соғуы мүмкіндігі, басқа  да мәселелерді оқушыларға  түсінікті етіп жеткізді. 5-11 сынып оқушылары арасында өткізілген «Интернет алаяқтыққа қарсы» аудандық сырттай байқаудың  жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

IMG-20230601-WA0062

І орынды Қ.Мырзалиев атындағы ЖОББМ 7-сынып оқушысы Айлина Орынбасар, ІІ орынды Абай МББК 8-сынып оқушысы Самғат Ибрагим, ІІІ орынды мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Аяжан Зұлқарнай иеленді.

IMG-20230601-WA0063

Семинар-кеңестің нүктесі Армат Жұмагелдиевтың орындауындағы «Отаным» әнімен қойылды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале