1.06.2023, 23:50
Оқылды: 48

Бәйтерек ауданында «33» психологиялық трагедиясы сахналанды

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және «Ұлы жұт» (1931-1933 ж.ж.) оқиғасының 90 жылдығына орай ата-баба рухына тағзым ету мақсатында Бәйтерек аудандық «Шың» сазды-драма театрында «33» деп аталатын психологиялық трагедиясы сахналанды.

6C6AA508-0081-4255-AD58-74C59A478428

Қазақ халқының тарихындағы айшықты оқиғаның бірі, ел басына түскен қиын кезең жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық жылдардағы елдің жай-күйін суреттейтін қойылымда кедей шаруаның отбасынан шыққан Ахметті Бекзат Васихан, ал оның жары Сәуленің рөлін Аянат Тоғызбай сомдады. Режиссер мен актерлардың көп тер төккендігінің арқасында қалың көрермен сол шаққа барып қайтқандай күй кешті.

– Өткен өмірдің шежіресін көркем әдеби шығарма ретінде оқып түсіну бөлек, сахнадан тамашалап, көру бір бөлек дүние. Әртістердің ойнау шеберлігіне қарап жас деп айта алмайсың. Көрініс баршамыздың жүрегімізге жетті. Ауданымызда жастар театрын ашқанымыз дұрыс шешім болғанын бұл қойылым тағы бір мәрте дәлелдей түскендей. Жас буын актерлардың қанаттары талмасын, шыңдала берсін! Көрермен залы бос болмасын. Халыққа ұсынар құнды дүниелеріңіз таусылмасын, - деген аудан әкімі Марат Тоқжанов рухани демалыс сыйлаған театр ұжымына ықылас гүлін табыстады.

2CA8AC1F-4987-4AC5-9919-FD8EDA41807F

Қоюшы режиссер Әліби Жанәбіловтің айтуынша, бұл қойылым алғаш Теректі ауданы халықтық «Дат» театрында «Жұт» деген тақырыпта Әділбек Қожабековтың режиссерлығымен сахналанған екен. Сол кезде оған қойылым қатты ұнап, үлкен әсер алған. Сол шығарманы өңдеп, психологиялық трагедия етіп жазып, бәйтеректіктерге ұсынуды жөн көріпті. «Қойылымға негізінен театр үйірмесінің тәрбиеленушілері қатысты, - дейді ол.

31C68303-C516-41AE-A7F0-028C6894AC52

Психологиялық шығарма болғандықтан ойнатын әртістер оны жете түсінуі маңызды. Әйтпесе көрерменге жеткізе алмайды. Соған орай осы бағытта жүргізілген түсінік жұмыстарына және басты рөлдерге лайық әртістер таңдауға, яғни кастингке бір айға жуық уақыт кетті. Біздің мақсатымыз – егемендікке дейін еліміз қанша нәубетті бастан өткергендігін жас ұрпаққа түсіндіру және жастарды сахна өнеріне баулу. Көрермен ықыласына қарасақ, еңбегіміз жеміссіз емес сияқты. Бізді қолдап келген барша жерлестерімізге айтар алғысымыз зор».

Нұрсәуле Әбілпейсова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале