3.06.2023, 12:58
Оқылды: 59

Жоқтан бар жасап отырған мектеп ұжымына айтар алғыс зор

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен болып кетті. Ол Трекин, Дариян, Рубежин ауылдық округтарындағы білім ұяларын көріп, аудан жастарымен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.

IMG_20230603_125335_765

Облыс әкімі орынбасарының сапары Трекин ауылдық округіндегі Володар орта мектебінен басталды. 1959 жылы салынған 120 орындық мектеп аудандағы ең байырғы білім ұясы. Қазір ғимараттың тозығы жеткен. Материалдық-техникалық базасы да нашар. Мұнда көп нәрсе талапқа сай келмейді. Мәселен, кітапхана мектепке кіреберіс дәліздің сол жағында айналуға келмейтін қуықтай бөлмеде орналасқан. Мектеп директоры Нұржамал Мұханбетжанованың айтуынша, орын болмауына орай дәліздің бір бөлігін кітапханаға айналдырған.

IMG_20230603_125351_480

- Таяуда осы кітапханаға бассұқан кезімде оқушылардың кітапті тұрып оқып тұрғанын көрдім, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

- Себебі кітапхананың тарлығына байланысты мұнда отыруға мүмкіндік жоқ. Сонда оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын көріп таңқалғаным бар.

IMG_20230603_125412_825

Аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллиннің сөзіне қарағанда, қазір мектеп кітапханаларын оқулық, әдеби-танымдық кітаптармен қамтудаға жақсы мән берілуде. Алайда осындай тозығы жеткен мектептердегі тап-тар кітапханаларға олардың сыймай жатқан жайы бар. Дегемен де мұндай жерлерде оқушылардың кітапты сыныбына алып кетіп немесе QR код арқылы электронды түрде оқуына мүмкіндік жасалған.

IMG_20230603_125339_857
Мектептің спорт залының аумағы заманауи білім ұяларындағы үлкен сыныптың көлемінен кіші болмаса, үлкен емес. Әрі бұл жер акт залы болып та саналады. Мұнда ең үлкен бөлме осы. Сол себепті іс-шара атаулысының бәрі осында өтеді. Бөлмені сәл де болса биіктету мақсатында еденнің астындағы топырақтан бір метрдей алынған. Мектеп директоры атап өткендей, осындай жағдайға қарамастан оқушылар білім, өнер, спорт бойынша болатын аудандық, облыстық, тіпті республикалық сайыстардан құр қол оралып жүрген жоқ. Осы оқу жылында володарлықтар 60 жүлдеге қол жеткізген.

IMG_20230603_125344_343
-Келер жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осында 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Ауылға кіре беріс жақтан жер телімі бөлінді. Жаңа мектеп бойкөтерген соң осындағы көптеген мәселе шешімін табары анық. Бұл ауыл қаланың маңында орналасқан соң мұнда жаңадан салынған үй көп. Бой көтеріп жатқаны қаншама. Жеке балабақшалар бар. Мектептің тозығы жетуіне байланысты тұрындардың біразы балаларын осы маңдағы ауылдарда, қалада оқытуда. Мәселен, 17 оқушы Дарияндағы Абай гимназиясында білім алуда. Қалада оқитындарды қосқанда елу шақты бала болады. Қазір Володар орта мектебінде 155 оқушы бар. Сонда барлығы 200-дей оқушы шығып тұр. Одан бөлек жаңа мектеп салынса, осында көшіп келгісі келетіндер де аз емес. Бұл бағытта біраз ата-ана маған да жолықты, - деді Серік Сафиуллин.
Айта кету керек, мұнда мектепішілік экологиялық жобасы жақсы жолға қойылған. Нұржамал Мұханбетжанова 1987 жылы осында мұғалім болып келген кезден бастап мектеп жанынан бау-бақша ашуды қолға алған. Қазір 6 сотық жерде жеміс ағашы, көкөніс, емдік шөп, гүл өсіп тұр. Ол жерден алынған бау-бақша өнімдері мектеп асханасына беріліп, оқушылардың ас мәзіріне қосылады.
Облыс әкімінің орынбасары білім ұясының ішкі жұмысын жүйелі жолға қойып, жоқтан бар қылып, мүмкіндіктің аздығына қарамастан жетістікке жетіп отырғаны үшін мектеп басшылығы мен ұжымының жұмысына жоғары баға беріп, істеріне табыс тіледі.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале