7.06.2023, 10:45
Оқылды: 30

Мектепті 15 миллион теңгеге сатып алған тұрғын мәлімдеме жасады

Алматы облысы Шалқар ауылындағы 15 миллион теңгеге сатылған мектеп балабақшаға айналуы мүмкін, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

акша1 

Телеарна мәліметінше, бұл - Алматы облысына қарасты Шалқар ауылындағы жеке адамның қолына өтіп кеткен мектеп. Екі қабатты білім ордасын сатып алған кәсіпкер мұнда балабақша ашуды көздеп отыр. Жақында қолданысқа берілетін нысан кезекте тұрған 100 шақты баланы қабылдай алады.

"Біз 2020 жылдан бастап аудан әкіміне, прокуратураға және оқу бөліміне арыз жаздық. Ешқандай жауап жоқ. Мектебімізді қайтарсын. Бұл - Үкіметтің мекемесі. Оны сатуға ешқандай құқығы жоқ. Келген басшылар сата берсе, сонда не үшін жүрміз?", - дейді  Шалқар ауылының тұрғыны Гүлнәр Құбашева.

Тұрғындардың айтуынша, 3 ауысыммен 1 мыңға жуық бала болған мектеп 2018 жылы сатылып кеткен. Саудаға түспес бұрын шенділер білім ордасына күрделі жөндеу жүргізгені халық ашуын туғызған.

"Білім мекемелері еш уақытта жеке тұлғаға және заңды тұлғаға сатылмайды. Беріледі, сатылады. Тек егер ол білім саласында ары қарай дамып, жұмыс жасайтын жағдайда берілуге болады деген заңда көрсетілген", - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Нысанның қазіргі иесі әкімдік тарапынан ұсыныс жасалғанын айтты. Қолда қаражаты бар кәсіпкерге жергілікті билік ауылдан балабақша ашып беруді өтінген. Нысан иесінің айуынша, сол кезде жауапты мамандар нысанды 15 миллион теңгеге бағалаған. Ал жөндеуден кейін оның құны 80 миллион теңге болған.

"Мен бұл жерден монша немесе мейрамхана ашқан жоқпын. Халықтың сұрауы бойынша балабақша дайындап жатырмын. Күтіп отырғаныма 5 жыл болды. Қайтаруға қарсы емеспін", - деді нысан иесі  Фархат Мәденов.

Еске салайық, бұған дейін "Amanat" партиясы фракциясының депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектептің мәселесін көтерген еді.

"Сол ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұрады. Бір үлкен мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберу деген сұмдық нәрсе ғой.  Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз", - деді Мақсат Толықбай.

Кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Желіде дау тудырған Алматы облысындағы мектепке қатысты пікір білдірді. Әкімнің айтуынша, ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылады.

С. Бөлек

massaget.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале