20.07.2016, 12:23
Оқылды: 84

Ақжайықта «Ашық есік» күндері өтуде

Ашық есік4Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов ауылдарда «Ашық есік» күндерін өткізуді бастады. Апта сейсенбісінде аудандық бөлім, ұйымдар жетекшілерінің тұрғындарды қабылдауымен басталған бұл шара алдымен Сарытоғай ауылдық округінде ұйымдастырылып, Базаршолан ауылдық округінде жалғасты. Еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен жүздесулер өткізіп, жеке қабылдаулар жүргізген Ә.Жоламанов сұрақтарға байланысты көптеген мәселеге түсінік берді.


Шағын елді мекендердің, қыстақтардың жұртына дейін қамтитын бұл дидарласуларда олардың жер қатынастарына, мал шаруашылығына, инженерлік инфрақұрылымға, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, шаруа қожалығын ашуға қатысты ой-пікірлер, ұсыныстары тыңдалуда.

Ашық есікСарытоғайда аудан басшысы алдымен Сарман елді мекенін аралап, ағымдағы жөндеу өткізілген бастауыш мектепте, медициналық қосында, кітапханада болды, қызметкерлермен әңгімелесті. Сондай-ақ осыдан 2 жыл бұрын салынған су құбыры желісінен тұрғын үйлерге құбыр тарту мүмкіндігі жөнінде мамандармен пікір алмасты.

Ауылдық округ орталағында тұрғындармен кездесуде Сарытоғай әкімі Абзал Әлжан еңбек ұжымдарының, тұрғындардың тыныс-тірлігі, алда тұрған жұмыстар жайында баяндады. Ол малдың бруцеллез ауруымен күрес, бұл кеселден сауықтыру жайына басым тоқталды. Қауіпті ауруларға қарсы түліктерді ектіру ұйымдастырылуда.

Округ орталығындағы үйлердің 60 пайызы газдандырылған, 155 үйге ауыз су құбыры кіріп тұр.

Ашық есік1Кездесуде сөз алғандар малдың бруцеллез ауруының жиі кездесуіне байланысты алаңдаушылыққа мамандардан вакцинациялау ұтымдылыққа әкелетіні туралы түсінік берілді. Сондай-ақ, электр қуатынан жиі үзіліс болатыны, ауылға қызметке келгендерге тұрғын үйдің жоқтығын айтты.

Базаршоланның Ескіесім елді мекенінде 194 тұрғын бар. Мұнда да аудан басшысы әлеуметтік сала мекемелерінде болды.

Сосын дала төсінде, «Шымыр мешіт» шаруа қожалығындағы жүздесуде оның жетекшісі Есқали Шымыровпен бүгіндегі пішен ору науқанының барысы, ертеңгі жоспарлары туралы әңгімеленді. Жетекші судан тапшылықтың қинайтынын айтты.

Ал ауылдық округ орталығынан 60 шақырым қашықта жатқан Жаманқұдық тұрғындары жол қатынасының қиындығын, малға қажетті анықтамалар алудағы күрделілік мәселелері жөнінде сөз қозғады.

Ашық есік3Ауылдық округ орталығындағы жүздесуде Базаршолан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Жексенбаев өздерінің қам-қарекеттерінен хабардар жасады. Сөз алғандар малды емдеу, газдандыру ақысының қымбаттығы мәселелерін көтерді.

Кездесулер қорытындысында, Ә.Жоламанов жиналғандарды аудандағы қазіргі таңдағы жұмыстардан жан-жақты хабардар етіп, мемлекеттік бағдарламаларға сай, кәсіпкерлікті қайткенде дамытуға болатынын мысалдармен баяндап берді.

Бүгін «Ашық есік» Алғабас ауылдық округінде өтуде.

Борис МЫРЗАҒАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген: Нұрбек ИХСАН

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале