Сәуір айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек іссапармен Батыс Қазақстан облысына келді. Ол Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде өткізілген ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының «Өңірлік даму бағдарламаларын іске асыруда жеке жоғары оқу орындарының одан әрі интеграциялануының жай-күйі мен перспективалары» тақырыбындағы көшпелі жиынға қатысты.
Көшпелі жиналыс барысында өңірлік даму бағдарламаларын іске асыруда жеке жоғары оқу орындарының одан әрі интеграциялануының жай-күйі мен перспективалары, өңірлердің адами капиталын дамыту және оған өңірлік жеке жоғары оқу орындарының қатысуы, жоғары оқу орындарының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлесі, жергілікті өндірісті білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Ел аймақтарының рухани және материалдық дамуына жоғары оқу орындарының үлесі қандай? Бұл бағыттағы жетістіктеріміз бар ма? Қай бағыттағы даму жолын ұстанғанымыз абзал? Міне, Оралда өткізген екі күн ішінде жоғары оқу орындарын аралаған сала министрі әр кездесу барысында осы мәселелер төңірегінде ой қозғады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, барлық табысты дамыған елдер жетекші университеттердің базасында және олардың белсенді қатысуымен жоғары технологиялық өндірістер құрып, экономика мен руханиятты дамытуға ұмтылуда. Соның ішінде есімдері әлемге әйгілі Гарвард, Кембридж, Стэнфорд секілді жеке жоғары оқу орындарының білім мен ғылым, инновация мен өндірістің орталықтары ретінде мемлекеттерді дамытудың драйверіне айналып отырғаны баршаға аян.
Бүгінгі таңда бүкіл әлемде ғасырдың білімі қандай болуы керектігі, оның миссиясы, рөлі және мемлекеттің дамуындағы орны қандай болуы тиістігіне терең пайымдау жүргізілуде. Біздің ойымызша, еліміз үшін ХХІ ғасыр бастауындағы жоғары білім беруді дамытудағы ең маңызды басымдықтары төмендегілер болып табылады:
1) мемлекеттің ұзақ мерзімді саясаты мен стратегиясындағы білім беру саласының басымдығы. Білім беру саласына бюджет қаражатымен қатар түрлі бюджеттен тыс көздер қаражатын тарту және оны қолдау;
2) әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің білім беру сапасы деңгейіне қол жеткізу, бір білім алушыға шаққандағы білім беруді қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлік және ақпараттық қамтамасыз ету нормалары мен талаптарын әзірлеу;
3) білім берудің гуманистік және зайырлы сипаты, жалпыадамзаттық құндылықтардың, жеке тұлғаның еркін дамуының, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеудің басымдығы;
4) жастардың білім берудің барлық деңгейлеріне, сатыларына және түрлеріне қол жеткізудегі теңдігін, олардың кез келген оқу орнында оқуды таңдау құқығын қамтамасыз ету;
5) білім берудің жеке секторын мемлекеттің бірыңғай білім беру жүйесінің тең құқылы құрамдас бөлігі ретінде тану;
6) білім беру мекемелерінің дербестігі және мемлекеттің олардың ішкі істеріне араласпауы. Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне академиялық еркіндіктер беру және оларды құрметтеу;
7) жоғары оқу орындарын цифрландыру және ғылымды табысты дамыту (онсыз прогресс мүмкін емес). Осы басымдықтарды іске асырып, сапалы маман даярлауда ЖОО-ның басшылыққа алатын басты құжаты – «Қазақстан Республикасында ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы». Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған тұжырымдамадағы саланы дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
Бұл ретте, ең алдымен, жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесінің күн тәртібіне шығуы – заңды құбылыс. Өйткені еліміздің демографиялық ахуалының дамуы, бала туу көрсеткіштерінің жыл санап өсуі ел азаматтары санының артуына оң ықпалын тигізуде. Тиісінше, алдымыздан әр жылда кәмелетке толған жастарды жоғары біліммен қамтамасыз ету мәселесі бой көтереді. Мемлекеттік білім гранты санын жыл сайын арттыру арқылы мемлекетіміз бұл мәселені шешуге ұмтылыс жасап келе жатқаны баршамызға белгілі. Алайда демографиялық даму жылдамдығына үнемі ілесе отырып, грант санын үдемелі өсіру ел бюджетіне орасан зор жүк түсіріп отырғаны да жасырын емес. Сондықтан да біз алдын ала қамдануымыз қажет. Тұжырымдамадағы ең алғашқы стратегиялық бағыт осы арнадағы шоғырланған мәселелерді ретімен шеше отырып, ел келешегі жастарымыздың жоғары білім алуына тең құқықты әрі қолжетімді жағдай жасауды көздейді. Бұл ретте ҚР ҒжЖБ министрлігінің бастамасымен «Келешек» білім беру жинақтаушы жүйесінің енгізілуі – көңіл қуантарлық жайт. Мұны, бір жағынан, әр мектеп бітіруші түлектің жоғары білім алуын қамтамасыз етудің кепілі, екінші жағынан, мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына көрсетіліп отырған қолдау деп түсінуіміз қажет. Бала 18 жасқа жеткенше, оның шотына белгілі қаражат қоры жинақталып, жеткіншек сол қаражат негізінде оқуға түсу немесе баспаналы болу секілді басты әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік алады. Осылайша тең құқылы қолжетімділікті, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін инклюзивті орта құруды, бірыңғай жинақтаушы жүйені енгізуді қамтамасыз ету арқылы жоғары білім алудың қолжетімділігін арттыру жоспарлануда.
Тұжырымдаманың келесі басым бағыты – еліміздің барлық саладағы даму бағыттарын қажетті мамандармен алдын ала қамтамасыз ету. Бұл, ең алдымен, болжамды зерттеу жүргізуді талап ететіні белгілі, әсіресе, өңірлер үшін мұның маңыздылығы аса зор. Себебі әр өңір тыныс-тіршілігі мен экономикасындағы белгілі ерекшеліктер алдын ала кадрлық қамтамасыз етудің өңірлік стандартына деген сұранысты күшейтіп отыр. Әр өңірде жүргізілетін мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру жұмысының мазмұны да осы ерекшеліктерге сәйкес болуын талап етеді. Тұжырымдама аясында министрліктің осы бағытта 7,5 мың кәсіби бағдар берушіні оқытып-үйретіп шығарып, жалпы кәсіби бағдар беру жұмысын түбегейлі өзгертіп, болжамды зерттеулер негізінде өңір салаларына арналған стандарттар кешенін даярлауды, 18 өңірлік жоғары оқу орнының базасында форсайт-сессиялар өткізуді, форсайт-мектептер жүргізуді қолға алуы ел дамуын кадрлық қамтамасыз ету мәселесін толыққанды шешуге өз ықпалын тигізеріне сенім мол. Өйткені осының негізінде жасалатын кәсіптер атласы өңірлік ерекшеліктерді қамти отырып, әр аймақтың өз басым салаларын күшейту негізінде олардың үдемелі дамуына ықпал етуші құралға айналмақ. Тұжырымдаманың үшінші стратегиялық бағытында келтірілген инфрақұрылымды дамыту осынау оң өзгерістерді материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейді. Жасыратыны жоқ, елімізде соңғы 50-60 жыл көлемінде университеттердің инфрақұрылымына инвестициялар жасалған жоқ. Бұл ретте алдымыздан бой көтеретін ең алғашқы қажеттілік – білім алушыларды жатақханамен қамту. Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде келтіргендей, бұл мәселені екі жолмен шешуге болады: біріншісі – жергілікті мердігерлермен, құрылыс компанияларымен және инвесторлармен жұмыс істеу арқылы жер тауып, жатақханалар тұрғызу, екіншісі – өңірлердегі пайдаланылмай тұрған қонақүйлер мен бизнес орталықтарын жатақханаға айналдыру. Осылайша, мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік тетігі арқылы тиісті ведомство тұжырымдамада келтірілген жылдар аралығында білім алушыларға жатақханалардың қосымша 70 мың жаңа орнын ұсынуды мақсат етіп отыр.
Сонымен бірге академиялық артықшылықтың 20 орталығын ашып, еліміздің іргелі жоғары оқу орындарының базасында жаңа кампустар жасақтау да осы стратегиялық бағыт көрсеткіштеріне қол жеткізудің маңызды арналары ретінде қабылданды. Қазіргі таңдағы халықаралық геосаяси ахуал өте өзгермелі болып отыр. Ал біздің елімізді әлемдік қауымдастық тұрақтылықтың мекені деп таниды. Яғни Қазақстан – бизнес жүргізу үшін, қажетті деңгейдегі білім алу үшін қолайлы орта туғызып отырған ел ретінде танымал. Қазірдің өзінде әлемнің 30-дан астам ірі компаниясы Қазақстанға өз өндіріс және басқару орындарын көшіру туралы шешім қабылдап отыр. Мұны бізге беріліп отырған аса зор мүмкіндік деп тануымыз қажет.
Тұжырымдаманың төртінші стратегиялық бағыты да жоғары білімді интернационалдандыру негізінде Қазақстанды Орта Азиядағы академиялық және ғылыми-зерттеу орталығына айналдыруды көздейді. Оған қол жеткізу тетіктері қатарына елімізде шетелдік университеттердің филиалдарын, тиісінше өзге елдерде біздің ЖОО-лар филиалдарын ашуды, қосдипломды білім беруді жетілдіруді, шетелдік тағылымдамалар арқылы оқытушыларымыз бен ғылыми қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыруды, шетелдік ғалымдарды білім мен ғылым үдерісіне тартуды жатқыза аламыз. Ендеше, осы мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, Қазақстанды Орта Азиядағы білім мен ғылымның қуатты орталығына неге айналдырмасқа! Ол үшін мемлекетіміздің зияткерлік те, ғылыми да, материалдық та әлеуеті толығымен жетеді.
Цифрлық орта мен технологиялардың қазіргі уақыттың трендіне айналғанын баршамыз да білеміз. Жасанды сана арқылы күрделі міндеттерді шешіп, оның адамзат дамуына қызмет етуі – бүгінгі күннің шындығы. Ендеше, цифрландырудың еліміздің жоғары білімі мен ғылымын дамытудың бір арнасына айналуы – орынды құбылыс.
Қолға алынып жатқан оң өзгерістердің барлығының бір-ақ мақсаты бар. Ол – ел келешегі жастарға берілер білім сапасын арттыру. Жалпы, бүгінгі таңда енгізіліп отырған «таза парақ» саясатының көздегені – бірізділік, заң талаптарын сақтау, сапа деңгейін арттыру және мемлекетіміздің көркеюіне үлес қосу. Осы орайда білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық моделін қалыптастырудың тұжырымдамаға маңызды стратегиялық бағыт ретінде енгізілуінен күтер үміт мол. Мемлекеттік бақылау мен аккредиттеу жүйесін жетілдірмейінше, діттелген межеге қол жеткізу мүмкін емес деп санаймыз. Ал қазіргі таңда қолға алынып жатқан университеттердің үшінші миссиясының маңыздылығын дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома десек, қателеспеспіз. Жоғары білім ордаларының білім мен мәдениет ошақтары ретінде әр өңірдің тыныс-тіршілігіне етене араласып, аймақ халқының рухани-әлеуметтік ахуалын нығайтуға атсалысуы бұрыннан келе жатқан игі дәстүрлер сапында. Бұл үрдіс енді «Ашық университет» тұжырымдамасы ауқымында өз жалғасын тауып, жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің, білім ордаларының қоғаммен ашық та жариялы түрдегі қарым-қатынасының негізіне айналмақ.
Жоғары оқу орындарының маңызды қызметтік бағыттарының бірі – аймақтың дамуын қамтамасыз ету. Аймақтағы мықты білім беру жүйесі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп, халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатуға ықпал етері бесенеден белгілі. Сондай-ақ жоғары білім өңір экономикасына инновацияларды енгізудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Онсыз экономиканың үдемелі дамуы мүмкін емес деп есептейміз.
Бұл тұрғыда, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Батыс өңірінің ірі көпсалалы жоғары оқу орны ретінде өңірдің білім беру, техникалық, гуманитарлық салаларының белсенді, бастамашыл, білікті мамандарға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға қатысады. Университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 80-85 пайызды құрайды. Жыл сайын «Атамекен» ҰКП өткізетін рейтингте бакалавриаттың білім беру бағдарламалары үздік ондыққа кіреді. Университеттің кәсіптік практикалары мен тағылымдамаларын өткізу үшін Қазақстанның батыс өңіріндегі 100-ден астам ұйым тәжірибе базасы болып табылады. Қазіргі уақытта университет 13 шет мемлекеттен 43 шетелдік серіктес ЖОО-мен келісімдер негізінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуда. Ынтымақтастық туралы шарттар негізінде оқу орны қазіргі уақытта шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен бірнеше консорциумның мүшесі болып табылады. ЖОО-ның стратегиялық жоспары «Ғылым мен жоғары білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» негізгі стратегиялық бағыттарымен үндеседі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған еліміздегі келелі өзгерістер отандық университеттердің алдына маңызды міндет қойып отыр: олар бұрынғыдай тек академиялық білім ордасы болып қалып қоймай, жаңа білім мен инновацияларды қалыптастыру орталықтарына айналып, экономикалардың басым секторларын білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз етуі тиіс. Ендеше, отандық жоғары білім беретін оқу орындарын «Қазақстан Республикасында ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» келтірілген басым бағыттарды басшылыққа ала отырып, ел игілігіне қызмет етуді өзінің негізгі миссиясы деп қабылдап, Қазақстанның адами капиталының нығаюына атсалысуға шақырамыз.
Тұяқбай Рысбеков,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жоғары мектебінің және Ұлттық ғылым академиясының академигі, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы