Ақжайық аудандық Сағынғали Сейітов атындағы кітапхана осымен екінші жыл қатарынан ашық аспан астындағы «Жасыл кітапханаDA» маусымын ұйымдастырып отыр.
Биыл оның ашылуы 1 маусыммен тұспа-тұс келді. Жиналған ұл-қыздар кең алаңда қанат жайған қызықты кітап көрмелерімен танысып, көркем безендірілген фотозона аясында ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсті.
Ашылу салтанатына арнайы келген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райгүл Батырова балаларды жаздың шуақты мерекесімен құттықтап, олардың ашық аспан астындағы кітапхананың балғын да тұрақты оқырмандарына айналатынына сенім білдірді. Ал аудандық орталықтандырылған кітапхананың кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Ғилманова «Кітапханаға кітап сыйлайық» акциясы аясында олжаланған кітаптарды қағілез, зейінді ұл-қыздарға табыстады.
Шара барысында балдырғандар қиялын қағаз бетіне сурет ретінде түсіріп, ұлттық ойындарда бағын сынады. Балғын өнерпаздар ән шырқап, мерекелік көңіл-күй орнатты.
«Жасыл кітапхананың» есігі жаздың үш айында да әр бейсенбі сайын ашық болады. Алда ашық аспан астындағы рухани орданың оқырмандарын қызықты ойындар, квест, поэзия сағаттары, ертегілер әлеміне саяхат, викторина күтіп тұр. Кітапханашылар балғын оқырмандарының жазды кітаппен өткізетініне сенімді.
Әсия Шырай,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz