9.06.2023, 18:32
Оқылды: 75

«Бір жол бар – алыс, алыс болса да жақын»

Ауыл жақтағы мәселелердің шырмауын шешу немесе оған еңбек адамдарын тарту үшін алдымен сол ауылға қатынайтын жолдардың болуы шарт. Аудан орталығы мен ауылдық округтерге қатынайтын жолдарды саралай келе, Тасқала ауданы жол салу бойынша өзге аудандарға қарағанда оқ бойы озық келетінін көрдік. Ауылға кіреберіс жолдарға асфальт төсеу жұмысы өткен жылы қарқынды басталып, биыл жалғасын табуда.

IMG_0538 (1)

Ауылдық жерлерді өркендету мен оған қатынайтын жолдардың салынуына ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өзінің халыққа Жолдауында баса назар аударған болатын. «Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым», – деген еді Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында. Аудан орталығынан қашықтау орналасқан Қазақстан ауылдық округіне қатынайтын жолдардың 18 шақырымына бұрын-соңды тас жол төселмеген еді. Атамекендіктердің көптен бері көкейінде жүрген сұраққа жауап табылып, өткен жылы ауылға дейінгі жолға асфальт төселген болатын. Содан бері атамекендіктер темір тұлпарды тізгіндеп жүйтки отырып, еш кедергісіз аудан орталығына қатынап жүр. Дегенмен қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, жолдың сапасына қатысты біраз әңгіме болғаны рас. Десек те айтылған сынды құп алған тиісті мердігер биыл жол құрылысын қайта қолға алып, олқы тұстарын түзетуге және соңғы қабатын реттеуге кірісіп кетті. Ол туралы ауыл әкімі Әлібек Сәрсенов атап өткен болатын.

IMG_0543

– Өткен жылы төселген тас жолдың сапасын қайта қадағалау барысында құрылысты жүргізген мердігер компания өкілдері Атамекен ауылына кіреберістен бастап, Алмалы елді мекеніне қарай асфальттың тағы бір қабатын төсеп жатыр. Қазіргі таңда Будансайға жетіп қалды. Жақын күндері жұмысты аяқтайтын болады, – дейді Қазақстан ауылдық округінің әкімі Әлібек Өренұлы. Ауылға кіреберіс жолдардың салынуы сол ауылдағы ағайынның жүріп-тұруы мен шаруа жасауына өз септігін тигізеді. Жауын-шашынды күндері далаға шықпағаныңыз былай тұрсын, ауыл ішіндегі көше мен көше аралығына қатынауға қиындап кететіні жасырын емес. Осы орайда аудан бойынша ауылішілік жолдарды реттеуге кірісіп жатқан ауылдар да бар. Солардың бірі Мерей ауылдық округі. – Осыдан бір-екі жыл бұрын Саратов – Орал халықаралық тас жолынан Мерей ауылына дейінгі 13 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Қазіргі таңда тақтайдай тегіс жолмен жүйткіп, ауылға қалай келіп қалғанымызды байқамай қаламыз. Бұл да тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісі деп атар едім. Ендігі күн тәртібінде тұрған мәселе – ауылішілік көшелерге асфальт төсеу. Қазіргі таңда ауыл ішіндегі көшелер тегістеліп жатыр. Алдағы уақытта аталған жұмысты қарқынды жүргізуді жауапты мердігер жоспарға алып отыр, – дейді Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллин. Қазақта «Бір жол бар – алыс, алыс болса да жақын, бір жол бар – жақын, жақын болса да алыс» деген мәтел бар. Сол айтқандай, қанша алыс болса да, тақтайдай тегіс тас жолға жететіні жоқ-ау, сірә. Әсіресе, ауа райының қолайсыз кезінде керек жеріңе еш уайымсыз жетесің. Жылдан жылға жол жағдайының түзеліп келе жатқанына аудан жұртшылығы куә. Аудан және ауыл әкімдерінің халық алдында есептік кездесулерінде көтерілетін мәселенің біреуі осы – жол болатын. Бұл да уақыт ырғағымен өз шешімін тауып келеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын аудан орталығындағы біраз көшеге тас жол төселіп, жол мәселесі бірыңғайланды. Тасқала ауылының әкімі Алғадай Жамбылұлы қазіргі уақытта жолға қатысты атқарылып жатқан жұмысты атап өтті. – Былтыр аудан іргесіндегі Бірлік елді мекенінің кіреберісіне жол тартылған болатын. Өткен жылы негізгі бағыттары жасалды. Биыл да аталған жол құрылысы жүргізілетін болады. Жалпы, жол құрылысына қажет материалдар бар. Биыл ауыл халқына ауыз су құбырларын тартуды қолға алған болатынбыз. Сол себептен жол құрылысы уақытша тежелді. Су құбырларын жүргізуді аяқтағаннан кейін бірден жолдың күрделі жөндеу жұмысына кірісетін болады, – дейді Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл. Ауданға қарасты тоғыз округ болса, қазіргі таңда соның сегізінде даңғыл жол жатыр. Соңғысы Қосшы ауылдық округі десек, онда да биыл жолдың күрделі жөндеуі жүргізіліп басталды. Көптен шешімін таппай келе жатқан жол мәселесі ояндықтар үшін де өзекті болатын. Осы жылы Тасқала – Аққурай тас жолына қосылатын жерге дейінгі 38 шақырымына асфальт төселмек. Барлығы халық үшін жасалып жатқан игі іс екені айдан анық.

жол 1

Жол құрылысы қарқыны қуантады

«Тасқала аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің автомобиль жолдары саласы бойынша 2022 жылы атқарылған және 2023 жылға жоспарланған жұмыстар туралы берген ақпаратына сүйенсек, аудан бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 414 шақырым (55 шақырым – темір жол, 359 шақырым – автомобиль жолдары). Аудан аумағынан жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар Орал – Тасқала – РФ шекарасы және ұзындығы 107 шақырымды құрайтын облыстық маңыздағы Тасқала – Аққурай – Болашақ автомобиль жолдары өтеді. Аудандық (жергілікті) маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 202 шақырым. Соның ішінде қазіргі таңда 36,5 шақырымы (18,1 %) жақсы, 49 шақырымы (24,3 %) қанағаттанарлық жағдайда. Ауылдарға кіреберіс, яғни аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жобаларды тізбектей келсек, 2021 жылы Ұлттық қор есебінен қаражат бөлініп, аудандық маңызы бар Атамекен ауылына кіреберіс (18 шақырым) автомобиль жолына күрделі жөндеу жасалды. Жұмыс 2022 жылы көшпелі тәсілмен аяқталып, пайдалануға берілді. Жолдың жалпы ұзындығы – 18 шақырым, мердігер – «Ануш Құрылыс» ЖШС. Жұмсалған қаражат көлемі – 1 145 372 725 теңге. 2022 жылдың желтоқсан айында асфальт жабындысына қатысты кемшіліктер анықталып, қалпына келтіру бойынша облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап-арыз жолданды. Биыл 15 ақпандағы №2713- 23-00-2/6 сот шешіміне сәйкес «Ануш Құрылыс» ЖШС қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Ауданға қарасты Бірлік ауылына кіреберіс автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, жолдың жалпы ұзындығы – 2 шақырым. Құрылысмонтаждау жұмысына республика бюджетінен қаражаттың 70 %-ы бөлініп, 2022 жылы басталды. 2023 жылға көшпелі тәсілмен аяқтау жоспарланып отыр. 2022 жылы жол бойына толығымен негізі (основание) салынып, ресайклинг жүргізілді. Мердігер – «Ануш Құрылыс» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 129 886 476,48 теңге. 2022 жылы 90 920 353,54 теңге, биыл 38 966 122,94 теңге бөлінді. Ақтау ауылына кіреберіс 2,5 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысына қажет қаражаттың республикалық бюджеттен 70 %-ы бөлініп, жұмыс 2022 жылы басталды. Мердігер – «ДСК Приоритет» ЖШС. 2023 жылы көшпелі тәсілмен аяқтау жоспарланып отыр. 2022 жылы жолдың негізі салынып, 1,3 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Жобаның жалпы құны – 232 135 703,86 теңге. 2022 жылы 171 047 360,74 теңге, 2023 жылы 61 088 343,12 теңге бөлінді. 2023 жылдын мамыр айында жұмыс толығымен аяқталды. Аудан орталығынан шалғай жатқан Оян ауылына кіреберіс автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы – 38 шақырым. Жобаның жалпы құны – 1 518 894 000 теңге. Мердігер – «Асфа» ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмысына 78 601 000 теңге қаражат бөлініп, құрылыс былтыр басталды. 2023 жылға 1 040 293 000 теңге бөлінді. Жол негізін дайындау жұмыстары – 10 шақырым. Жол негізіне материал төсеу – 8 шақырым. Ресайклинг – 6 шақырым. Мерей ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге 532 005 000 теңге қаражат қаралған. Жолдардың жалпы ұзындығы – 4,47 шақырым. Мердігер – «Тоби» ЖШС. 2023 жылы 239 403 000 теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы басталды. Ақтау ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін 716 855 000 теңге қаралған. Жолдардың жалпы ұзындығы – 5,6 шақырым. Мердігер – «Тоби» ЖШС. 2023 жылға 168 121 000 теңге қаражат бөлінді. Бүгінде авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелермен келісімшарт жасалып жатыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы дайын және сараптамадан өткен жобаларды атап өтсек, Амангелді ауылының Астана көшесінің автомобиль жолын күрделі жөндеу. Жолдың жалпы ұзындығы – 0,988 шақырым. Жобаның жалпы құны – 88,8 млн теңге. Амангелді ауылындағы елді мекенішілік жолдарды күрделі жөндеу бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 2,024 шақырым. Жобаның жалпы құны – 155,436 млн теңге. Амангелді ауылындағы елдімекенішілік жолдарды күрделі жөндеу бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 1,99 шақырым. Жобаның жалпы құны – 152,906 млн теңге. Атамекен ауылының кентішілік көшелерін күрделі жөндеу бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 1,8 шақырым. Жобаның жалпы құны – 188,308 млн теңге. ІІ Шежін ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жолдың жалпы ұзындығы – 1,5 шақырым. Жобаның жалпы құны – 293,262 млн теңге. Тасқала ауылының Б. Момышұлы, Қ. Сәтбаев, С. Сейфуллин, Қ. Аманжолов, Сабиров, Ш. Қалдаяқов, Жеңіс, «Сәулет» шағынауданы және Б. Төлегенова, Т. Масин, Амангелді көшелерінің автомобиль жолдарының бөлігін күрделі жөндеуден өткізу бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 4,25 шақырым. Жобаның жалпы құны – 225,176 млн теңге. Тасқала ауылына кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 2,5 шақырым. Жобаның жалпы құны – 243,787 млн теңге. Мереке ауылына кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жолдың жалпы ұзындығы – 5 шақырым. Жобаның жалпы құны – 464,638 млн теңге.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале