Чапаев ауылында тағы бір сауда нысаны іске қосылды. Жаңа орынның иелері – біраз жылдан бері кәсіпкерлікті қолға алып, аудан тұрғындарына азық-түлікті төмен бағада ұсынып отырған ерлі-зайыптылар Ильдар Ғабдуллин мен Роза Берғалиевалар. Жаңа салған ғимараты еңселі, сөрелері бағасы қолжетімді азық-түлікпен қатар тұрмысқа керекті басқа да дүниеге толы.
«Ильдар» дүкенінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Сердалин жиналғандарды, иелерін құттықтады.
– Ильдар жастайынан кәсіпкерлік саласында халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан жан. Көпшілігіңіз білетіндей, кішкене ғана орыннан бастаған кәсібі бүгінде қанатын кең жайды. Еңселі ғимарат соңғы талаптарға сай салынған, аудан орталығының ажарын келістірер орынның біріне айналатынына сеніміміз мол. Мұның бәрі, бағалай білгенге, үлкен еңбек. Кәсіптеріңіздің өркендей беруіне тілектеспіз, – деді ол.
Одан соң олардың аналары Мәрзия Берғалиева қызы мен күйеу баласына ел алдында ақ батасын беріп, жаңа ғимараттың лентасын қиды.
Ішке енген ауыл тұрғындарына шашу шашылды.
Жиырма мың теңге мөлшерінен асырып сауда жасаған бірінші он адамға қосымша сыйлықтар берілді.
Ә.Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz