Фото: видеодан алынған кадр
51 жастағы Саят Нұржігітов орман шаруашылығында 30 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында үш баласы жетім қалды. Бүгін қызмет бабында жүріп қаза тапқан инспектормен қоштасуға ауылдастары мен әріптестері түгел жиналды.
Мейрамгүл Жиенбаева да өртті сөндіремін деп мерт болды. Ол өзге әріптестерімен бірге орманға барған. Марқұмның артында 15 жастағы ұлы мен 5 жастағы қызы қалды.
Ауылдастарының айтуынша, Мейрамгүл жұмысына адал, көпке үлгі еді. Ұлының анасына арнаған жан тебірентер жазбалары жұрттың жүрегін сыздатқан.
"Ұлы кеше статус салыпты. "Оралшы, мама" деп. Сол жүрегімізде қалды. Қайта-қайта есімізге түсіріп жатырмыз. Мейрамгүл өте жайсаң, керемет жан болатын. Күлімдеп қана тұратын. Сол бейнесі біздің есімізде қалды", - дейді Успенка ауылының тұрғыны Шолпан Кенжебаева.
Тірідей жанып кеткен орманшылардың жетеуі - Успенка ауылының тұрғындары. Әп-сәтте қара жамылған мұндағы халық ертең әкелі-балалы Сидориндарды ақтық сапарға шығарып салады.
"Зейнет жасына шықты. Сидорин Виктор 36 жыл еңбек етті. Бірақ зейнетке шыққанына бір ай болды. Сонда да өртке барып отыр. Пузырев Николай деген жүргізуші де ұлымен жанып кетті. Ұлы Пузырев Сергей. Бір үйден екі адам кетіп отыр. Бұл бізге үлкен қайғы", - дейді "Семей орманы" резерваты филиалының қызметкері Алмагүл Жұмағазықызы.
Орманшылар өртке қарсы техника тұрмақ, қызмет киіміне де жарымаған екен. Тозығы жеткен көліктер екі күннің бірінде сынады. Сондықтан марқұмдардың кейбірі алапат өрт басталғанда өз техникасына мініп, туфлимен орманға аттанған. Ал жалақысы 100 мың теңгеге де жетпейді.
"Орманшылардың жағдайын жақсартсын. Биылғы бұл оқиға бәрінің көзін ашты деп ойлаймын. Алдында айтып жатырмыз, техника жаман деп. Рация жоқ. Қаражат аз. 100 мыңға еңбек істеп, өмірін қиып жатыр", - дейді Орманшылар кәсіподағы ұйымының төрайымы Гүлсара Баймағанбетова.
М. Лұқпан,