Сырым ауданына ән сапарымен келген қазақтың қоңыр үнді әншісі Қуандық Рахым Жымпитыда «Мен Қазақпын» атты ән кешін өткізді.
Аудандық мәдениет үйіндегі концерт залы «әуезді ән тыңдаймын» деп келген көрерменге лық толы.
Әнші кештің шымылдығын «Мен қазақтың ұлымын» әнімен түріп, Қадыр ақынның «Не берсең де арнап бер» өлеңімен кешті жалғады.
- Әлеуметтік желіден залы лық толы Сырым еліндегі кешіміздің қазақ өнерін, қазақ әндерін қолдаушыларымыздың көп екенін көрген өнер адамдары аудандарыңызға қайта-қайта ат басын бұрсын деген тілектеміз, - деп ағынан жарылды әнші.
Өнердегі ағасын қолдамақ мақсатта жерлесіміз, талай ән байқауларының лауреаты, жас әнші Мырзағұл Алмағамбетов те құлақ құрышын қандырар әндерін орындады.
Кеш соңында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов сахнада қазақтың Қуандығына «қош келдіңіз» айтып, М. Балмолданың «Дала көкжалы» кітабы мен естелік сыйлық тарту етті.
Қуандық Рахым кішкентай тыңдарманымен «Мен қазақпын» әнін қосыла шырқап, кештің әдемі нүктесін қойды. Тыңдарман қауым сүйікті әншісімен естелік суретке түсті.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz