14.06.2023, 16:45
Оқылды: 27

Жанұялық бизнесті өрістетпек

«Көз қорқақ, қол батыр» деген жақсы тәмсіл бар. Белді бекем буып, іс бастағандардың тасы өрге домалап жатқандарын көріп, сүйсінесің. Әсіресе, жастардың тастүйін тірліктері өздеріне береке әкелмесе, зияны тиіп жатқан жоқ. Сондай жастардың қатарында Ақшат ауылында тұратын Ринат пен Зухра Назаровтар да бар. Жеке кәсібін дөңгелету бұл әулетке таңсық емес. Осыдан он жылдай бұрын отбасының үлкендері ауылда өз кәсібін дөңгелеткен екен. Енді, міне араға уақыт салып шаңырақтағы ұл Ринат та осы кәсіпті нәсіп етуді ұйғарыпты. Бір қадамға әр нәрсенің себебі тиіп жатады ғой, алыста вахталық әдіспен жұмыс жасаған Ринат ауылға қайтқан соң жұмыссыз отырудың мәні жоқтығын пайымдайды. Отбасымен ақылдаса келе өз қаражаттарына азық-түлік дүкенін ашуды ұйғарады. Оған негіз де бар еді, кезінде жұмыс жасаған нысан аулада әлі де бар-тұғын. Соны қайтадан жөндеп, заманауи құрал-жабдықтармен жасақтап, маңдайшасын да өзгертіп, кәсіптерін бастады. Ринаттың айтуынша, 4-5 миллиондай теңгені осы жаңа дүкенді ашуға жұмсаған екен.

351201014_222724597198111_6722554893672602932_n

Заң аясында өз кәсіпкерлігін тіркеген Назаровтар бір ай көлемінде барлық шаруаны аяқтап, жақында алғашқы тұтынушыларын қабылдай бастады. Ринат азық-түлік түрлерін көбіне өздеріне жақын, әрі ыңғайлы деп тапқан Ақтөбеден тасымалдайды, аракідік Орал қаласына да сапарлап тұрады.

- Дүкенімізде қайсыбір тауар арзан болса, қайсыбірі нарық бағасына тәуелді. Бірақ артық үстеме ақы қосып отырғанымыз жоқ, ауылдағы дүкендегі бағалармен тең ұстаудамыз. Жаңа піскен жеміс-жидек, көкөністермен қатар, әр отбасының дастарханына қажет азық-түлік түрлері жеткілікті. Бұған қоса үйге, шаруашылыққа керек заттарға да дүкеніміздің бір бұрышын бөліп отырмыз, - дейді Зухра.

Айтпақшы, Зухра жолдасына қолдау көрсету мақсатымен мектептегі мұғалімдік қызметін де доғарып, отбасылық бизнестің бір құлағын ұстауды ұйғарыпты.

            - Отбасымызда төрт перзентіміз бар. Бұл да балаларымыздың болашағы үшін жасалып жатқан тірлік. Қазіргі заман өзгеге емес, өзіңе сенетін кез ғой. Сол себепті де, отбасылық бизнесті өрістету, халықтың ұсынысына орай қызмет көрсету, өз кәсібін бастаушыларға үлгі болу негізгі мақсатымыз болып қала бермек дейді, - дейді «Амир» дүкенінің иелері.

                                                                                               Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале