Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған халықтық театр балаларға арнап, «Ормандағы оқиға» атты ертегіні сахналады. Қоюшы-режиссері – машықтанудан өтіп жүрген студент Әнел Жолдас.
Басты мақсаты балаларды жақсы нәрсеге үйретуді көздеген қойылым өте сәтті шықты. Әр кейіпкерге залдағы балалардың қуанышпен алақайлағаны актерлерге ерекше жігер берді.
– Оқушылардың жазғы демалысы басталды. Соған орай олардың көңілін көтеру, білімін арттыру мақсатында тәрбиелік мәні бар ертегіні ұсындық. Кейіпкерлер арқылы жаман мен жақсының айырмашылығын, аражігін көрсеткім келді. Мәселен, түлкі арқылы өтірік айтуға болмайтынын, Микки Маус тышқаны сияқты өнерлі, ғалым қояндай білімге құштар, қасқыр кейіпкеріндей батыл және өрмекші адамдай шымыр болуға шақырдық, – дейді Әнел Жандосқызы.
Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы саз колледжінің режиссер мамандығының соңғы курсын тәмамдағалы тұрған жасқа бұл үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз.
Өйткені бұл – Әнелдің режиссер ретінде ұсынып отырған алғашқы жұмысы. Бұған дейін де Әнелдің ауданда сахналанған қойылымдарға қатысып, өнер көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz