16.06.2023, 11:59
Оқылды: 20

Әке аманатына адалдық

1984 жылдың қараша айында дүниеден озған, марқұм Сағын қария осы сары қызы Анардан үлкен үміт күтуші еді. Алқалы отырыста, көрші-көлем бас қоса қалған  жиында Сағын аға желпіне, дауысын көтере сөйлеп: «Осы сары қызым Анар күні ертең-ақ соттағы Хайрош сияқты  дәу сот, заңгер, болады», - деп жиі  айтып отыратын.  

9af3b3ce-7f08-4334-930e-7be95302e7b3

Бәлкім сол кезде  Сағын ағаның құлағына періштесі хабар берді ме екен,  кім білген, осы сары қызы дәу сот болмаса да, бүгінде заңгерлік  мамандықты иеленіп, елінде, халық талғамына сай адал қызмет етуде. Әке аманаты орындалды деген осы. Өзекті өртерлік өкініштісі сол, қайран әке сары қызын сыйлас досы, аудандық сот Хайрош Бекеновтың әке аманатына қиянат етпей, қызын қамқорлығына  алып, сот, заңгерлік саласында ұстаздық  тәлім-тәрбие бергендігін көре алмай кетті.

Иә бәрі де күні кешегідей Анар Сағынқызының (суретте) көз алдында сайрап тұр. Марқұм, 2011 жылы дүниеден озған Хайрош Бекеновтың отбасымен Анардың әке-шешесі бір отбасы  мүшелеріндей болып араласып тұрды. Ол жылдары Хайрош Бекенов аудандық сот болса, зайыбы Алтын нотариуста қызмет атқарды. Сөйтіп, өмірде сырлас, сыйлас досқа айналған ерлі-зайыптылар Хайрош пен Алтын Бекеновтер, Сағын мен Меңді Ешмұхановтар отбасының бұл қарым-қатынастары ұрпақтарының  тәрбиелі де білімді болып ер жетулеріне себепкер болды. Себепкер болды дегеннен шығады, әңгімеміздің басты кейіпкері Анар Ешмұханованың алғашқы қызметтік баспалдағы 1984 жылы Жымпиты орта мектебін тәмамдаған  соң, сот Х.Бекеновтың ұйытқы болуымен аудандық сотында іс жүргізуші  болып басталды. Заңгерлік мамандықты қалаған Анар Сағынқызы  осы саладағы арнаулы орта, жоғары білім беретін арнайы білім ордаларын аяқтап, қолына дипломын алған соң да,  қызметтік баспалдақтарын одан әрмен жалғастырды. Жымпитыдағы аудандық соттың хатшысы, сот орындаушысы, Камен (қазіргі Тасқала) аудандық сотының хатшысы, Сырым аудандық аумақтық бөлімшесінің сот орындаушысы, Сырым аудандық прокуратурасының маманы, Бөрлі, Жәнібек аудандық соты мамандарының міндетін атқарушы, Орал аумақтық сот орындаушысының міндетін  атқарушысы, Сырым аудандық аумақтық бөлімшесінде аға сот орындаушы, Сырым аудандық әкімі аппаратында бас маман сияқты қызмет салалары  Анардың  өмірдерегінде жазылыпты.

А. Ешмұханова бүгінде аудан әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінде бас маман болып қызмет жасайды.  Ол әр кезде өзіне жүктелген жауапкершілік салмағын терең сезініп, антына адалдық танытуда. Тік жүріп, тік сөйлейтін, жалғандыққа жаны қас оны әріптестері де құрметтейді. Әр істің соңында адам тағдыры  тұрады. Жас толқынға білмегенін  үйретіп, заң талаптарын терең зерделеп,  ішкі түйсік, өмірлік тәжірибе  тұрғысында  қызмет атқаруға бой ұсынған  заңгер А.Ешмұханова осындай жан.

 – Несін жасырайын, бұл мамандықтың қызығынан гөрі қиындығы әлдеқайда  басым. Яғни,  сәл ғана, қателік  жіберсең, бүкіл еңбегіңнің зая кеткендігі. Мәселен, біздің салаға тұрғындар тарапынан қызметтің сан алуан  түрі  кездесіп жатады. Солардың арасында өмірге келген нәрестелерге,  марқұм болған жандарға құжат беру, неке қию мен неке бұзу,  әкелікті анықтау, бала асырап алу, тегін өзгерту, жоғалған құжатты қалпына келтіру, мемлекеттік орган құжаттарын түзету, дәрігердің қорытындысына  сүйеніп, жас ананың ерте балалы болуын анықтап, некесін қию, тағы басқалай да көптеген жұмыс баршылық.  Әйтеуір осы мемлекеттік қызметте жасаған 35 жылға жуық мерзім аралығында алуан түрлі мінезді адамдармен  кездесіп, олардың мінезіне сәйкес тілін де тауып,  көңілдерінен шықтық қой, - дейді  заңгер Анар Сағынқызы.

Өзінің заңгерлік салада қызмет жасап, өмірде тәжірибе жинақтауына марқұм, әкесінің сыйлас досы Хайрош Бекеновтің тікелей қамқорлығы, болғандығын Анар сағынышмен  әңгімеледі.

Сондай-ақ Анардың анасы Меңді апа аудандық сот саласында қызмет атқарып, зейнеткерікке шықса, марқұм ағасы Орынбай Ешмұханов прокуратурада тергеуші болғандығын айта кеткен жөн.

Міне, қызмет барысындағы осынау сатылыққа назар аударсақ, Ешмұхановтар әулетін «Заңгерлер әулеті» деп те айтуға болады. Ал кейіпкеріміз Анар Ешмұханованың қызы Данара –  аудандық полиция бөлімінде жауапты қызмет атқарып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудағы мақтаулы қызметкер.

Анар Ешмұханованың қызметіне риза болғандар Анарды «Бекеновтың шекпенінен шыққан кадр» деп жатады.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале