Өткен айдың 24-і, түскі сағат 15:45 шамасында Жәнібек ауылының оңтүстік-батыс аумағында орналасқан Орда орман шаруашылығының Жәнібек станционарында (академбақ) өрт шыққан.
Ербол Қадимовтың айтуынша, қызыл жалын 0,5 гектар жерді шарпып, шекара маңына дейін барған. Орманшы бірден көлігіндегі жөндеуге арналған көрпешеге қолында бар бес литр суын құйып, бірден іске кіріскен. Оның алдында өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, мән-жайды түсіндіріп, тез арада көмек көрсетулерін сұраған. Дегенмен олар келгенше қарапайым орманшы бір өзі өртті ауыздықтаған.
- Бақты уақыт бойынша тексеруге келгенмін. Өрт алыстан лезде байқалды. Дереу қолымнан келгенше тырысып бақтым. Шекараға жақындай бастапты. Көрші ел бар құрал-сайманын сайлап, өрт сөндірушілері де келіп, бәріне дайын тұр. Мен маңызы орасан бақ үшін жанталастым, - деді орманшы пікірлесу барысында.
Өрттің неден шыққаны әлі күнге дейін белгісіз. Себебін анықтап, жылы жауып қойса да, кім білсін... Себебі жайқалған терек толы бақтағы трансформатордың тозығы жеткен. Ауыстыру былай тұрсын, қоршаған ағашының өзіне қоршау қажет (суретте).
Табиғаттың заңына ешкім қарсы келе алмайды. Сәл жел тұрса трансформатордан шыққан ұшқын бұдан да алапат өрт тудыруы мүмкін. Семейдегі жағдай аудандық электр торабына да сабақ болуы тиіс. Өйткені бір мезетте қызғыштай қорыған орман сәл ұшқыннан бет қаратпайтын өртке ұласып, күл-талқаны шықса, барлығы кеш болмақ. Дер кезінде қолында бар көрпемен қызыл жалынның алдын алған аталмыш бақтың орманшысы Ербол Қадимовқа айтар алғысымыз бөлек.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz