Бүгін БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Аралбайұлы Раманқұлов ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Басқарма басшысы алдымен аудан әкімі Асланбек Сарқұловпен кездесіп, бүгінгі таңдағы облыстағы және аудандағы діни ахуал туралы мәселені талқылады. Жалпы Казталов ауданы бойынша діни ахуалдың тұрақты екендігін тілге тиек еткен Мақсат Аралбайұлы, осы саладағы кешенді жұмыстардың бұдан ары қарай да осындай бағытта жалғасарына зор сенім білдірді.
Басқарма басшысының жұмыс сапары «Amanat» партиясы ғимаратының акт залында аудан тұрғындарын діни бағыттағы жеке мәселелері бойынша қабылдаумен жалғасты. Дін саласына қатысты тұрғындар көкейіндегі сұрақтарға тұшымды жауап ұсынып, нақты кеңестерін берді.
«Қос өзен» шекара заставасының ұжымымен де келелі кездесу өткізіліп, діни экстримизм мен тероризмнің алдын алу жайы талқыға түсті.
Түскі уақытта Казталов аудандық мұсылмандар мешітінің жамағатымен кездескен Мақсат Аралбайұлы асыл дініміздің тұнығын лайламай ұрпаққа жеткізу мәселесі төңірегінде өнегелі әңгімесімен бөлісті. Ел ішіндегі тыныштық пен бейбітшіліктің ең қымбат байлығымыз екенін еске салған
басқарма басшысы, дінді насихаттауда халық арасындағы сыңаржақ пікір мен іріткі салар бұрмаланған ақпараттардың жолын кесіп отыру қажеттігін баса айтты.
Жұмыс сапарының соңы «Amanat» партиясы ғимаратының акт залындағы мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері, Казталов аудандық полиция бөлімі қызметкерлері, Казталов аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты ұжымдарымен өткен жиналыспен түйінделді. Аталмыш жиналыста да ауданның діни ахуалы туралы басқа аудандармен салыстырмалы түрде талқыланып, жиналыс қатысушылары өзекті діни мәселелер төңірегінде өз пікірлерімен бөлісті. Мақсат Аралбайұлы барша жиналыс қатысушыларын деструктивтік діни ағымдардың алдын алу бойынша жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz