19.06.2023, 10:45
Оқылды: 35

Магомед Адиев: «Алдағы кездесуде барлығы орталық алаңдағы ойынға байланысты болады»

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев баспасөз мәслихатында Солтүстік Ирландиямен өтетін ойын туралы пікірін қалдырды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы жазды.
648f7a0274e9a

- Магомед Мұсаұлы, Солтүстік Ирландиямен өтетін ойыннан не күтесіз?  

- Салмақты әрі ауыр ойын күтеміз. Олар өз алаңында соңғы рет сәтсіз ойнады. Сол себепті Солтүстік Ирландия нәтижені жақсартуды ойлайтыны анық.

- Солтүстік Ирландия құрамасының бас бапкері Қазақстан құрамасын талдау қиын, өйткені ойыншылары танымал емес деді. Бұл Қазақстан құрамасы үшін басымдық деп ойлайсыз ба?

- Келіспеймін. Бұл жағдайда ешқандай мәселе жоқ. Команданың ойынына талдау жүргізу бапкерлердің жұмысы. Бұл бізге басымдық бермейді. Біз қатысқан ойындардың барлығы қолжетімді.

- Абат Айымбетов қайта оралды. Сіз үшін өте маңызды ойыншы ма? 

- Біз үшін әр футболшы маңызды. Абат көптеген ойында нәтиже алып келді. Гол соқпаса да команда үшін бар күшін салады.

- Солтүстік Ирландия күшті қажет ететін британдық футбол ойнайды. Допқа талас жиі болатын ойын күтесіз бе? 

- Иә, олар баяғыдан бері солай ойнайды. Көп жүгіруге тура келеді. Қапталдағы ойыншыларды қосуға талпынады. Тартыс көп болмақ. Орталық алаңда ойынды өзгертіп отыру қажет.

- Өткен ойыннан кейін ойыншылардың барлығы қатарда ма? Қазақстан құрамасы қорғанысқа көп көңіл бөле ме? 

- Барлық ойыншылар қатарда. Ешқандай мәселе жоқ. Ойын туралы айтатын болсақ, менің ұстанымымды жақсы білесіздер. Мен әрқашан ойын теңдігін қалаймын. Алдағы кездесуде барлығы орталық алаңдағы ойынға байланысты болады.

- Сан-Мариномен өткен ойынға қатыспаған жігіттер бұл жолы тізімге енуі мүмкін бе? 

- Ойланамыз. Үш ойыншы тізімге енбейді. Оның біреуі орталық қорғаушы. Менің шешімім жігіттердің көңіл-күйін түсіруі мүмкін. Бір жағынан команданың нәтижесі, екінші жағынан жігіттердің реніші. Алайда, мен қиын сәтте де өз ұстанымымнан бас тартпаймын.

- Біздің топтың нәтижесі ерекше. Төрт команданың алты ұпайы бар. Соңғы турға дейін тартыс сақтала ма? 

- Мен ең басында айтқанымын, біздің топ өте қиын әрі ерекше деп. Барлығы ұпай жоғалтады-ау деп ойладым. Соңғы турға дейін солай жалғасса да таңғалмаймын.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале