Жаз басталды. Қысқы азығын қамдаған шаруалар шабындық басына күні ертең шығады. Биыл көктемде өзен-көл, жыраларға су жақсы келіп, ауа-райы ылғалды болды. Енді сол шыққан шөпті уақтылы жинап алуға қамданған малшы ағайын «жасыл ораққа» қамданысты құнттауда. Шабындыққа дайындық қалай жүруде, жем шөп қорын қандай көлемде қамдау керек. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Бәкіров айтып берді.
– Алдағы қысқа аудан бойынша 181 760 шартты мал басы кіреді деп жоспарланған. Яғни иеліктегі түлікке 330 800 тонна шөп, 36,4 тонна жем, 0,5 тонна сүрлем қаже. Қожалықтарда өткен қыстан 16,1 мың тонна шөп қалды, - дейді Әлібек Бәкіров.
Биыл шабындықтарда шөптің шығымы қалыпты болғанымен, көк бойының аласа болуына байланысты шаруалар шөп шабуға әлі кірісе қоймаған.
Қысқы азықтың жайын ерте көктемнен қаперлеген 41 шаруа қожалығы 1560 га көлтабанға су шығарды.
«Атамұра» және «Аманер» шаруа қожалықтары жылдағы үрдіс бойынша 200 га суармалы алқапқа жүгері егіп, сүрлем бастырмақ.
Сондай-ақ техникалар жөнделіп, науқанға әзірлік қыза түсті.
Бүгінгі күнге 355 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тексерістен өткізілді. Шаруаларға қолдау көрсету мақсатында арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінеді. Соған шаруа қожалықтардан тапсырыс қабылдап жатыр.
Айжан Ақыл,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz