20.06.2023, 0:21
Оқылды: 70

Дәстүрлі әнші Жаңақала төрінде

Бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында ҚР-ның мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжановтың «Сахна - осы біздің киеліміз» атты шығармашылық кеші өтті.

IMG_20230619_221814

Ақжайық елі – құт дарып, өнердің киесі қонған қасиетті өлке. Күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина Нұрпейісова, үш жүзден ән оздырған Мұхит бабамыз, ән дүлділі Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендірдей ән дарабозын, дауылпаз ақындар Жұбан, Тайыр, Қадырді тудырған киелі мекен. Осынау қасиетті Ақжайық өлкесі дарынды тұлғалардан кенде емес.

Сол дарабоздардың жалғасы, дәстүрлі әнші, термеші, Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті - Сағадат Рахметжанов.

IMG20230619201429

Сағадат ағамыз үнемі шығармашылықтың биігінен көрінген өнер иесі. Оның қоңыр дауыспен шырқаған әндері көңілге көктем орнағандай әсерге бөлейді. Сағадат Ғабднасарұлы – Батыс Қазақстан өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі. Өңіріміздегі дәстүрлі ән өнерінің даму жолында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, дәстүрлі әндермен қатар, Қазақстан композиторларының шығармаларымен қоса Маңғыстау, Қарақалпақ өңірінің термелерімен репертуарын толықтырган кәсіби дәстүрлі әнші.

Сағадат Рахметжанов әншілік өнермен қатар, ұстаздық жолында да қызмет етті. Оның өнерде жүрген шәкірттері Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары. Атап айтсақ, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамбетжанова, Мұрат Аманшиев, Жігер Құмаров, Мұратжан Османов, Еділ Рамазанов және тағы да басқа көптеген шәкірттері бар. С.Ғабднасарұлы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, Ғ.Құрманғалиев атындағы және Мұхит Мералы атындағы конкурстардың, Шотан Назарұлы атындағы жыршы-термешілер конкурсының бас жүлде иегері және тағы да басқа көптеген конкурстардың жеңімпазы. Сонымен қатар Сағадат ағамыз өнердің тарихи тұлғаларының есімдерін дәріптеу жолында коғамдық жұмыстарға белсене араласып, көршілес Ресей еліндегі қазақ қандастарымызға тілдік құралдар мен ұлттық төл өнерімізді насихаттауда зор үлес қосып келеді.

IMG20230619190855

Өз шығармашылық кешінде С.Рахметжанов «Мешін тауық» әнін, Саттығұлдың «Амандасу», Ығылман Шүреновтың «Жайықтың бойы Сарайшық» термелерін орындап берді.

Сонымен қатар дәстүрлі әншінің өнердегі інісі, мультиаспапшы Аслан Ғұмаров, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов, Сиғватолла Ешкаев сахна төрінде өнер көрсетті.

IMG20230619192028

Бүгінгі кеште көрермендер саны өте аз болды, жоқтың қасы деуге де болады. Халықтың қарасының аздығы «дәстүрлі өнеріміздің халық алдында беделі түскені ме?» деген ойда қалдым. Жиналғандардың дені егде жастағылар. Жастардың дәстүрлі ән өнеріне қызығушылық танытпайтындықтарын осыдан аңғардық.

IMG20230619194909

Райхан Хамзина,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале